Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Ақиқаттың алдаспаны Мұхтар Шаханов дүние салды

Қазақ руханияты тағы бір асылынан айырылды. Ұлттық мүдде десе ішкен асын жерге қоятын, ақиқаттың алдаспаны, шыншыл ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов мәңгілік мекеніне аттанды. Біртуар қаламгер қадау-қадау шығарма жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген тұлға. Елдік пен ерліктің үнін жеткізген қайраткер, әділеттің сөзін сөйлеген күрескер еді. Кеңес Одағының қаһарлы кезеңінде де қаймықпай, Мәскеудегі мінберден жанды мұздай қарыған Желтоқсан көтерілісін бұрмалатпай, тарихи әділеттіліктің орнауына өлшеусіз үлес қосқаны ел есінде.

МҰХТАР ШАХАНОВ, АҚЫН:

В этом постановлении событие названо проявлением казахского национализма. Можно обвинять 5 тысяч людей, 10 тысяч людей и 100. Но нельзя же обвинять весь казахский народ. Слово «национализм» — это обвинение всему казахскому народу. Поэтому мы просим снять с народа необоснованные обвинения.

Тәуелсіздік жылдарында да қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер, тіл тағдырына қатысты өткір пікір айтып, өз биігінде қалықтады. Оның өлең әлеміне әкелген өрнегі, жатық жырлары қазақтың ән қоржынына құнды мұра болып құйылды. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов ақынның ел аузында жүрген «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Бақыт құшағында» және өзге де 10-нан аса өлеңіне ән жазды. Бұдан бөлек, Марат Омаровтың «Жұбайлар жыры», Әсет Бейсеуовтің «Армандастар», «Мұңайма» әндері де қаламгердің жүрегінен шыққан шоқтығы биік туындылар. Ақынның терең шығармалары руханиятымыздың баға жетпес қазынасына айналды. СНХ:

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ:

Ұлттың жанайқайы болуға туған азамат еді, шындығында. Әрі өлең оқып, әрі ұлттық мәселелерді онымен бірге көтеріп, айғайлап тұру көбіне жараспауы да мүмкін. Бірақ ол Мұхаңa жарасатын. «Ақын болу, оңай дейсің бе, қарағым, ол дегенің аузыңда болу сыздаған мынау жараның», — деп Мұқағали жырлағандай, айтпақшы, осы өлеңді Мұхтар Шахановқа арнап жазды ғой деп ойлаймын өзім.

Біртуар тұлғаның қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның отбасы мен жақын-жуығына көңіл айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Бердібек Қарынбай
← Барлық жаңалықтар