Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Әлемде жағдай күрделене түсті

Иран мен АҚШ-тың арақатынасы қайта ушықты. Ислам мемлекеті АҚШ-ты Оман шығанағында Иранның жүк кемесін тоқтатып, экипажын ұстады деп айыптап отыр. Бұған жауап ретінде тараптар бір-бірінің әскери нысандарына соққы жасаған. Осы уақытта Пәкістан астанасы Исламабадта екі ел делегацияларының келіссөздері өтіп жатқан. Арағайындық танытқан Пәкістан билігі тараптарды татуластыруға тырысуда.

72 МЫҢ АДАМНЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАДЫ. ТАЯУ ШЫҒЫС

Газа секторында Израиль соққысынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 72 мыңға жетті. Бұл деректі Газа Денсаулық сақтау министрлігі растады. Соңғы мәліметтер іздеу-құтқару жұмыстары мен сот-медициналық сараптамадан кейін нақтыланған. Аймақта атысты тоқтату режимі жарияланғанымен, шабуылдар тоқтамаған. Соның салдарынан жүздеген адам көз жұмып, мыңдағаны жарақат алған.

8 БАЛА ҚАЗА ТАПТЫ. АҚШ

АҚШ-та қаруланған күдікті жеткіншектерге оқ атты. Қанды оқиға Луизиана штатындағы Шривпорт қаласында болды. 8 бала қаза тауып, тағы екі адам жараланды. Қаза болғандардың ең кішісі — сәби, үлкені — 14 жаста. Күдікті көлік ұрлап қашпақ болған, бірақ полиция оны атып өлтірген. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ФЕЙЕРВЕРК ҚОЙМАСЫ ЖАРЫЛДЫ. ҮНДІСТАН

Үндістанның Тамилнад штатында фейерверк шығаратын фабрикада жойқын жарылыс болды. 23 адам қаза тапты. Оқиға кезінде ғимаратта 100-ден астам адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік талаптары бұзылған. Жарылыс салдарынан бірнеше бөлме қирап, құтқару жұмыстары қиындаған. Үйінді астында қалғандар болуы мүмкін.

Қайыркен Отыншы
← Барлық жаңалықтар