Түркістан облысында «барит» аталатын қатты қазба байлығын заңсыз өндіргендер ұсталды. Табиғат қорғау прокуратурасы Ойық елді мекенінің таулы аймағында жер қойнауын қазып жатқандарды дронмен анықтаған. Тергеу барысында бұл іспен айналысқан екеудің Кентау тұрғыны екені белгілі болды. Ал олар осы жұмысқа Өзбекстан азаматын тартқан. Бар-жоғы үш-төрт күннің ішінде 4 КамАЗ минерал тиеп әкеткен көрінеді. Құзырлы органдар шетел азаматын еліне қайтарған. Ал барлауға рұқсаты болғанымен, өндіруге қажетті құжаты жоқ жергілікті тұрғындарға айыппұл салынған. Айта кету керек, барит кристалы құрылыста, химия мен мұнай-газ өндірісінде және радиациядан қорғайтын киім-кешек тігуде қолданылатын қатты минерал.
МАҚСАТ ЕРАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Нәтижесінде шетел азаматтарының еңбегін заңсыз пайдалануға қатысты екі азаматқа хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал шетел азаматын елімізден аластау мақсатында Кентау қалалық сотына материалдар жолданды. Жер қойнауын заңсыз пайдаланған жеке кәсіпкерге қатысты лицензиясынан айыру мақсатында құзыретті орган – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хат жолданып, бақылауға алынды.
Ғалымжан Кенжебек