Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Алматылықтар Мұхтар Шахановпен қоштасты

Бүгін Алматы жұрты көрнекті ақын, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен қоштасты. Қаралы жиынға марқұмның туыстары, зиялы қауым, үзеңгілес достары мен қалың оқырманы қатысты. Астанадан арнайы жеткен делегацияны Сенат төрағасы бастап келді. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының көңіл айту жедел хатын оқып беріп, Мұхтар Шахановтың қайраткерлігіне кеңінен тоқталды.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мұхтар Шаханов қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған тұлға ретінде де ел жадында мәңгі сақталады. Ол қай кезеңде де әділеттіліктің туын көтеріп, ұлт мүддесін қорғаудан тайынған жоқ. Кеңестік кезеңнің өзінде Арал тағдырына араша түсуі ағамыздың айқын азаматтық ұстанымын көрсетті.

Мұхтар Шахановтың ақын болып қалыптасып, жалпақ жұртқа танылуына Алматының қосқан үлесі ерекше. Жалынды жырларының басым бөлігі осы қалада жазылған. Сондықтан болар, сүйікті ақынымен қоштасуға келген жұрттың қарасы көп болды. Қоғамдағы өзекті мәселелердің барлығы оның шығармаларына арқау болды. Қайраткер тұлға өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешілуіне де атсалысты. Қоштасу рәсімінен соң жақындары марқұмның денесін туған жеріне жерлеуге алып кетті.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, АҚЫН:

Қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы – патриоттық, рухты өлеңдері, азаматтық лирикасы. Сонымен қатар балладалары. Балладалары аңыз бен ақиқатты біріктіріп жіберетін, сондай керемет туындылар. Қазақтың аңыздарындағы оқиғаларды баяндауының өзі ерекше, әлем поэзиясында жаңалық болып келді.

Ұлан Тәліпбай

← Барлық жаңалықтар