Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Моңғолияға әуемен де, жермен де тікелей барамыз

Астана бүгін абыр-сабыр! Бас шаһарға Моңғолиядан мәртебелі мейман келді. Аталған елдің басшысы Ухнаагийн Хурэлсүх мемлекеттік сапармен ат басын тіреген. Екі елдің делегациялары шағын құрамда келіссөздер өткізді. Енді елордадан Ұлан-Батыр қаласына тікелей ұшып баруға болады. Президент қазақ пен моңғол ұлты Еуразия кіндігін мекендеген ежелгі көшпелі халықтың ұрпақтары екенін айта келе, стратегиялық серіктестік әлі де дамитынын жеткізді.

Моңғолия президенті мінген лайнер елорда әуежайына кеше кешке қонды. Мәртебелі мейманды еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен осы елдің Қазақстандағы елшісі Гунаажавын Батжаргал қарсы алды.

Моңғолияның алтыншы президенті елімізге әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен арнайы келген. Мәртебелі мейманды дәстүрге сай Ақорда төрінде құрмет қарауылы сән-салтанатпен қарсы алды. Артынша қос президент министрлер кабинетінің мүшелерімен танысты. Ресми шарадан соң екі елдің делегациялары шағын құрамда келіссөздерді бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Моңғолиямен серіктестік көкжиегін дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Президенттің сөзінше, қазақ пен моңғол ұлты – Еуразия кіндігін мекендеген ежелгі көшпелі халықтың ұрпақтары.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз. Көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда.

Жиын барысында қос тарап серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін аңғартты. Лидерлер алдымен екі ел азаматтарына барыс-келісті жеңілдету үшін жағдай жасауға уағдаласты. Осы мақсатта Астана мен Ұлан-Батыр қалаларын жалғайтын тікелей әуе рейстері қайта жанданады. Сонымен қатар Өскемен мен Баян-Өлгий бағыты бойынша да әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр. Мәртебелі мейман Қазақ топырағына жиырма жылдан кейін табан тіреп отыр. Ол бұған дейін Моңғолияның Төтенше жағдайлар министрі қызметінде жүргенде елімізге келген.

УХНААГИЙН ХУРЭЛСҮХ, МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Гүлденіп, дамып келе жатқан әсем елмен және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, тарихы, мәдениеті мен әдет-ғұрпымен жақыннан танысқанымызға қуаныштымыз. Бұл сапар көшпелі өркениет, тарихи құндылықтар мен байланыстарды, екі ел халқы арасындағы достықты одан әрі нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге үлес қосады деп сенемін.

Ал Моңғолияда халық саны аз – 3,5 млн-нан сәл асады. Бірақ жері кең. Шыңғысханның ұрпақтары аумағы жағынан әлемде 18-орында. Сонымен қатар бұл елде 57 млн-нан астам төрт түлік бар. Сондықтан моңғолдар әлемдегі ірі ет экспорттаушылардың бірі саналады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың күзінде Ұлан-Батырға мемлекеттік сапармен барған еді. Сол кезде де бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілген. Нәтижесінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда 1716 Моңғолия азаматы Қазақстандағы 57 университетте білім алып жатыр. «Study in Kazakhstan» жобасы арқылы академиялық хабты кеңейтудеміз. Моңғолияда үлкен қызығушылық бар. Көптеген студент біздің университеттердің филиалдарында оқығысы келеді.

Сондай-ақ Моңғолия қазақтар үшін қиын кезеңде пана болған ел. Қазір Баян-Өлгий аймағында 120 мыңға жуық қазақ тұрады. Дегенмен, екі ел арасындағы қатынасқа ең үлкен кедергі – жол мәселесі. Қазір адамдар Ресей арқылы айналып өтуге мәжбүр.

БЕЙСЕН БҰЛАНҰЛЫ, МОҢҒОЛИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МҮШЕСІ:

54 шақырым жер Ресей шекарасымен өтеді. Бұл мәселені үш ел бірігіп шешуі керек. Сол жол ашылса, сауда да, қатынас та жанданады.

Алдағы уақытта екі ел тауар айналымын 500 млн долларға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар Баян-Өлгийде Қазақстанның консулдығын ашу жоспарланған.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар