Мазмұнға өту
· 2 қаралым

Жаңа драма театрдың құрылысы басталды

Өнер сүйер қауым үшін сүйінші жаңалық! Қызылордада жаңа драма театрдың құрылысы басталды. Аймақ басшысы Президент саябағының аумағында бой көтеретін нысанның капсуласын салу рәсіміне қатысты. Әкімнің айтуынша, бұл мәдениет ошағы жаңа дәуірдің мәдени келбетін айшықтайтын, келешек ұрпақтың рухани сұранысына жауап беретін маңызды ғимарат болады. Қазіргі Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театр 1960 жылдардан бері жұмыс істеп келеді.

ХҰСЕЙН ӘМІР ТЕМІР, Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АҒА РЕЖИССЕРІ:

Әрине, ол көрікті дүние болады деп ойлаймын. Сонымен бірге рухани әсері мол болады деп сенемін. Өйткені жаңа ғимаратта театр ұжымы жаңа белестерге жетіп, тың туындыларды сахнаға шығарып, көрерменге үлкен рухани азық ұсына алады.

Театр екі жылда салынып бітеді. Дегенмен мердігер компания оны мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жаңа драма театр салу туралы тапсырма Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берілген.

АЗАМАТ ӨСІМБЕКОВ, «ВД СТРОЙ ИНЖИНИРИНГ» ЖШС-НІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа драма театр әлемдік стандарттарға сай жобаланған. Оның акустикасы да, мультимедиалық жабдықтары да жоғары деңгейде болады. Мұнда бір мезетте 520 көрермен отырып, қойылымды тамашалай алады.

Жанғали Ысқақ

← Барлық жаңалықтар