Жетісу облысында тұрғын үй дауының түйіні тарқамай тұр. Панфилов ауданында 10 мыңға жуық адам жылдар бойы өз кезегін сарыла күтіп, баспанасыз жүр. Ал Нұркент ауылында салынып біткен 100-ден аса пәтер қаңырап бос тұр. Құрылысы 3 жыл бұрын аяқталса да, ресми түрде пайдалануға берілмеген.
Мен осыдан үш жыл бұрын, 2023-те кезекке тұрғам, көпбалалы ретінде. Қазір міне 2026, үш жыл болды. Ол кезде кезекке тұрғанда 1100-дің шамасында едім. Ал қазір 874-темін.
Мен жалғызбасты анамын, төрт балам бар. Сол кезде 2000 болып тұрғам. Қазір кезекте 1200-дің шамасындамын.
Жергілікті әкімдіктің сөзінше, мерзімнің кейінге шегерілуіне мердігер компанияның жауапсыздығы себеп болған. Келісімшарт бойынша тұрғын үйлер 2021 жылы-ақ тапсырылуы тиіс еді, алайда жұмыстар уақтылы аяқталмай, әлі күнге дейін созылып келеді.
ДИДАР ЕШЕНОВ, ПАНФИЛОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол жерде мердігер мекеме өз тарапынан сыртқы инженерлік желілерін және абаттандыру жұмыстарын жасамаған болатын. Атап айтқанда, сыртқы жылу жүйесі, су құбыры, кәріз желілері, электр желілері және абаттандыру жұмыстары, оның ішінде кірме жолдар, балалар алаңы, көгалдандыру жұмыстары аяқталмаған.
Жауаптылар мердігерге шара қолданғаннан кейін құрылыс қайта қарқын алып, қазіргі таңда толық аяқталған. Енді 1 мамырға дейін оны ресми түрде қабылдап, «Отбасы банкке» өткізу жоспарланып отыр. Одан кейін пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға бөлінбек.
Қуат Құдайберген