Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Мәслихат депутаттарына тығыр таянды

«Қарға қарғаның көзін шұқымайды», — деп жатамыз ғой. Бірақ бұл мақалдың Мәжіліс депутаттарына қатысы жоқ сияқты. Себебі төменгі палата мүшелері аймақтағы әріптестеріне шүйлікті. Парламент өкілдері өңірлерде балқып, шалқып өмір сүріп жатқан мәслихат депутаттарының бірқатар мүмкіндігін шектеуді ұсынып отыр.

Өйткені мәслихатта әртүрлі кәсіп иелері бар, арасында кейбір саланы мықтап иеленіп алған жандар да жеткілікті. Осылайша халық қалаулылары өңірді билеп-төстеп, өздеріне қолайлы жағдай жасап алған. Яғни бизнесіне кедергі келтіретін ережелерге қарсы шығып, тиімді нормаларды енгізіп келген.

Осы жағдайды Мәжіліс депутаттары өзгерту керек дейді. Демек, бұдан былай мәслихат мүшелеріне коммерциялық мүддесі бар жобаларға дауыс беруіне шектеу қойылуы мүмкін. Парламент өкілдері бұл норманы заң жүзінде бекітуді көздеп отыр.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мәслихат депутаттары тұрақты негізде жұмыс істемейді. Олардың көбі кәсіпкерлікпен айналысады. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мысалы, ірі жоба іске асырылып жатыр, оның мердігері мәслихат депутатына байланысты компания болса, ал сол депутат қаржыландыруға дауыс беруге қатысады. Мен осындай жағдайда депутат өзіне тікелей немесе коммерциялық мүддесі бар мәселелер бойынша дауыс беруге қатыспауы тиіс деген норманы бекітуді ұсынамын.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар