Астана жұртын дүр сілкіндірген трагедия. Жеті қараңғы түнде көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, бір емес, үш баланың жанын жалмап кетті. Естеріңізде болса, өрт сөндіру көлігі бір машинаның кесірінен аулаға біраз уақыт кіре алмай тұрып қалған еді. Қазір қалаларда аулаға көлік қою мәселесі тым өзекті болып тұр. Себебі автотұрақтар жетіспейді. Тар жерге аспанмен астасқан алып үйлерді тыға береміз. Ал оның етегіндегі елдің жанайқайына құлақ аспай келеміз.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға Астанадағы көпқабатты үйде өрт шығып, үш баланың өмірін жалмағаны жұрттың қабырғасын қайыстырды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына уақытылы жетсе де, кіре берісті жауып тастаған көлікпен алысып, уақыт жоғалтқан.
Әлеуметтік желіде лезде тараған ақпараттың дені шындыққа сәйкес келмейді. Құтқарушылар «көлік жүргізушісі қашан шығар екен» деп, құр тұрмаған. Іс жүзінде, жанұшыра жеткен топ сол сәтте-ақ пәтер ішіндегі өрт ошағына тіке беттеген.
АСҚАР ТӨЛЕШЕВ, ҚР ТЖМ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің әрекетіміз заңды әрі дұрыс болуы керек. Арнайы бөлімше ол кезде ғимараттың ішінде жұмыс істеп жатқандықтан, сыртта тұрған көлікті соғып кірудің ешқандай қажеті болған жоқ. Өрт сөндіру көлігі шамамен 6–7 минуттың ішінде аулаға кіріп үлгерді.
Тілсіз жаумен арпалысқанда әр секунд алтынға бергісіз. Өйткені адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Еуропаның дамыған елдеріндегі тәжірибе де осыған саяды: төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың жолындағы кез келген кедергі ескерусіз жойылады. Мақсат біреу – адамды аман алып қалу.
ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
АҚШ-та ондай кезде қарамайды. Сол көлікті сол жерден алғызып тастайды. Өздерінің арнайы әдістері бар, ішкі ережелері бар.
Депутаттар енді құтқарушылардың жолын бөгеген кедергілерді ескерусіз ысырып тастау құқығын заңмен бекітуді ұсынып отыр.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Шұғыл қызметтерге оқиға орнына бара жатқан жолдағы кедергілерді, соның ішінде адам өмірін құтқаруға кедергі келтіретін шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуға немесе зақымдауға рұқсат беру керек.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір елорданың қақ ортасындағы «Көркем 3» тұрғын үй кешенінің маңында тұрмыз. Тапа-тал түстің өзінде автотұрақта ине шаншар орын жоқ. Көлік қоятын жер таппай, айналсоқтап жүрген жүргізушілер көп. Бір тізгінші жолдың қақ ортасына көлігін қойып кеткен. Күндіз жағдай осылай болса, жұрт жұмыстан қайтатын уақытты елестете беріңіз.
Жалпы Астанада халық саны қазіргі таңда 1 миллион 600 мыңнан асып отыр, жыл сайын шамамен 100 мың адамға көбейіп келеді. Сәйкесінше тұрғындармен бірге көлік саны да еселеп өсуде. Қазірдің өзінде елордада 500 мыңнан астам көлік тіркелген. Одан бөлек сырттан келетіндері қаншама. Мамандар пәтер салу кезінде осы жүктеме ескерілмейді дейді.
ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
Негізі заңда тұрақ қарастырылған. Бір пәтерге кемінде 2 көлік болуы қажет деп есептелген. Бірақ өкінішке қарай, бұл қағидат бізде сақталмай жатыр.
Астана әкімдігі құрылыс жұмыстары бекітілген нормативтерге сай жүргізіліп жатқанын алға тартады. Құжат бойынша тұрақ саны жеткілікті көрінгенімен, оның қайда орналасатынын компаниялардың өздері шешеді. Жер асты паркингі мен ашық аула арасындағы таңдау – құрылыс иесінің құзырында.
ӘСЕЛ РАХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бірінші санаттағы үйде бір пәтерге екі автотұрақ, екінші санаттағы үйге бір пәтерге бір автотұрақ, ал үшінші және төртінші санаттағы үйлерде екі пәтерге бір автотұрақ қарастырылған. Ал бесінші санаттағы үйлерде автотұрақ қарастырылмаған.
Құрылыс сапасына қойылатын талап енді мемлекеттік деңгейде қатаңдатылмақ. Шілдеде күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексінде жауапкершілік аясы мен бақылау талаптары нақты айқындалған.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Құрылыс талаптарын күшейтуіміз керек. Енді құрылыс компаниясы өз үйін қабылдау актісімен қабылдай алмайды, егер оның парковкасы болмаса.
Алдағы жылдары елордадағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді, керісінше, арта түседі. Алайда «көп салу» емес, «сапалы салу» қағидаты – уақыт талабы. Заң қатайып, бақылау күшейген тұста басты назар саннан сапаға ауысуы тиіс. Өйткені қаланың сәулеттік келбеті ғана емес, миллиондаған тұрғынның қауіпсіздігі мен ертеңгі күнге деген сенімі дәл осы сапамен өлшенеді.
Қуат Құдайберген