Офицер Дастан Қазтұрғанның жағынан ұрғаны үшін 10 жылға сотталған азаматтардың отбасы кассациялық сотта жиналды. Әділдік іздеген Амантаев Нұржан мен Қуанышбаев Ақжолдың әкелері ұлдарының тиісті жазасын алғанын, алайда біреуі бостандыққа шыққан соң іс қайта қаралып, он жыл арқалап кеткенін айтып, іші удай ашып отыр. Олардың сөзінше, жәбірленушіге моральдық шығынды да өтеп берген. Өзінен де, оның ағайындарынан да кешірім сұраған.
СЕРІКБОЛ ОРАЗХАНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІНІҢ ӘКЕСІ:
Екі шапалаққа бола 10 жыл беріп отыр. Кісі өлтіргендер 7–8 жыл алып отыр. Сонда мұның әділдігі қайда деп, шырылдап жүрмін. Кассациялық соттың алдында тұрмыз, әділдік сұрап.
БОТАҒАЗЫ ЖАЛБЫРОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІНІҢ ӘКЕСІ:
Бір адамды екі рет соттау дегенді түсінбеймін. Әділдік сұраймыз. Таяуда ұлымның анасы да қайтыс болып кетті. Ол кісі де шыдамады.
Кассациялық сотта айыпталушылардың адвокаттары жазаны жеңілдету үшін барлық айғақтарды келтіріп шықты. Алайда жақындарының үміті ақталмады. Әділет өкілдері тараптардың өтінішін қанағаттандырмады.
ШЫНАР ЕРҒАЛИЕВА, КАССАЦИЯЛЫҚ СОТ:
Ақжол Ботағазыұлы Қуанышбаевқа және Нұржан Серікболұлы Амантаевқа қатысты Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қазандағы үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тарапқа тағы 2 млн теңге көлеміндегі шығынды өтейтінін атап өтті. Бірақ айыпталушылардың жақындары енді Жоғары соттан үмітті.
НҰРЛАТ ӘБДІҒАНИ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕРДІҢ АДВОКАТЫ:
Кассациялық шағымда тіркелген екі сот-медициналық сараптама қорытындылары, сарапшы Жармағамбетовтің жауаптары көрсетілді. Алайда олар назардан тыс қалды. Кассациялық шағымымыз қанағаттандырылған жоқ. Енді Жоғары сотқа өтініш беріледі.
Сотқа қатысқан журналистер жәбірленушіден сұхбат алуға тырысып, іште де, сыртта да күткен. Алайда тілдесу мүмкін болмады.
Айта кетейік, дау 2023 жылдың қыркүйегінде Абай облысындағы Бақты шекарасында туған. Сотталушы Қуанышбаев Ақжол Қытайдан жүк көлігімен өтпек болған. Сол сәтте жәбірленуші офицер Дастан Қазтұрған оны тоқтатып, жолдың қарсы бетіне өткенін айтқан. Бірақ жолда қарсы бағытты көрсететін жолақ болмаған. Солай келіспей тұрған уақытта жәбірленуші мәселені бекетте емес, өзі тұратын мекенжайда шешуді ұсынған. Сол күні кешке Қуанышбаев Ақжол мен Амантаев Нұржан сонда барып, жанжал ушығып, төбелеске ұласқан. Жәбірленушінің жағы мен мұрны жарақаттанып, миы шайқалған. Сотталушылар сол үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін олардың бірі бостандыққа шыққан. Алайда іс қайта қаралып, Амантаев қайта қамауға алынған. Сөйтіп 3 жылға сотталған азаматтар қайтадан 10 жылға сотталған.
Маржан Нүсіпбек