Елімізде алимент қоры құрылуы мүмкін. Себебі қоғамда бауыр еті баласына соқыр тиын татырмайтын безбүйрек ата-ана көбейіп барады. Қазірдің өзінде соттың шешімі шықса да, алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 18 млрд теңгеден асыпты.
Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін депутаттар арнайы қор құруды ұсынды. Сәйкесінше, осы жерден балаларға ай сайын кепілді сома түсіп отырады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде кәмелетке толмағандардың 4%-ы ай сайын төлем алып келеді. Бұл шамамен 300 мың жеткіншек.
Жағдай әсіресе ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларда қиын. Олардың ем-домы мен күтіміне қыруар қаржы қажет. Депутат Магеррам Магеррамов заңның осал тұсын осылайша жауып, мемлекет балалардың жағдайын ойлауға тиіс деді. Ал перзентін қиын жағдайда қалдырған жауапсыз ата-аналардан құзырлы органдар қарызды өндіріп алуы тиіс.
МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
18 млрд деген аз қаржы емес. Бұл соманың ішіне алиментті мүлде төлемейтіндер мен перзентіне кемінде 3 айдан бері бір тиын татырмағандар кіреді. Бірақ жырымшылап, бір ай төлеп, ең төменгі мөлшерлемені бекітіп, жұмыссызбын деп алдап жүргендерді қоссақ, едәуір ақша шығады. Бұл біреулер үшін мардымсыз сома болуы мүмкін. Алайда қаржының артында балалар тұр. Жеткіншектерге ұдайы қамқорлық пен қолдау қажет.
Депутат қорға түсетін қаржы көзін де ойластырып қойған. Парламент мүшесі алимент мәселесін салықтық емес түсімдер мен арнайы мемлекеттік қорлардың есебінен жабуды ұсынып отыр. Ал мұнда көбіне мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер аударылады.
Сондай-ақ депутат бұл ереже қоғам арасында «жатып ішерлерді» көбейтеді деген пікірмен де келіспеді. Халық қалаулысы ең алдымен өз баласына жауапкершілік танытпайтындармен күресу қажет дейді.
Қайыркен Отыншы