Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еліміздегі дәрілік заттардың сапасына жоғары баға берді. Президенттің қабылдауында болған жаһандық құрылымның жетекшісі Тедрос Адханом Гебрейесус отандық препараттарға 3-деңгей берілгенін растайтын хат табыстады.
Бұл фармацевтикалық бақылау жүйесінің тұрақтылығы ресми мойындалды деген сөз. Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі және перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға еліміздің жаһандық бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Бердібек Қарынбай