Аралды сақтау Орталық Азия елдерінің ортақ парызы. Оның өміршеңдігі өңірдегі бауырлас мемлекеттердің өзара сенімі мен тату көршілік қарым-қатынасының деңгейімен өлшенеді. Ақордада өткен алқалы кеңесте айдынның тағдыры тағы қаузалды.
Теңіздің тартылуын тежеп, мәселені ауыздықтаудың тетіктері сараланды. Бұл ең алдымен саяси әрі әлеуметтік жауапкершілік жүктейді, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде теңізден ада қалсақ, аймақтың ахуалы мүшкіл болатынын меңзеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Құрметті әріптестер, президенттер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселесінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азаматсыздар. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастарымыздың тұрмысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. Себебі «Су – тіршіліктің көзі».
Аймақтың басты экологиялық проблемасын шешу үшін мемлекеттер күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстырғаны абзал. Осы мақсатта бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде «Халықаралық Аралды құтқару қорының» қызметін ілгерілетуге қатысты бастамалар бар.
Бердібек Қарынбай