Елордада балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс былтырмен салыстырғанда екі есе азайған. Тәртіп сақшылары мұны ата-аналар, ұстаздар мен жауапты орган қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі деп отыр.
Одан бөлек, астаналық полицейлер тек былтыр ғана кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүзден астам түрлі іс-шара ұйымдастырған. Солардың бірі бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
«Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» форумына 500-ден аса адам жиналып, заман талабына сай өзгерген қылмыстармен күресудің ортақ жолдарын талқылады.
ЕРКІН ЖАНӘБІЛ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұрын көбіне ұрлық, бұзақылық қылмыстары орын алатын. Қазіргі таңда бұл қылмыстардың саны азайғанымен, жаңадан пайда болған буллинг пен кибербуллинг деректерінің саны артып отыр. Сонымен қатар, нашақорлыққа байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі ақпараттар оқушыларға жеткізілуде.
Гүлмира Тасболатова