Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Аялдамада тұрған зейнеткерді соққыға жықты

Алматыда аялдамада тұрған зейнеткерді соқталдай жігіт соққыға жықты. Еңгезердей еркектің озбырлығы сол маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Екі сөмкені арқалаған қартаң әйел еш алаңсыз автобус күтіп тұрған. Ал қасындағы ер адам оны ұзақ бақылап, айналасында тірі жанның жоқтығына көзі жеткен кезде теуіп құлатады. Онысы аздай басынан жұдырықтап, бірнеше рет бетінен ұрып, орындыққа соққылайды. Сосын дым болмағандай өз жөнімен кете берген.

Бұл сұмдық оқиға Бостандық ауданында таңғы алты жарым шамасында болған. Полиция күдіктіні ұстапты. Ол 25 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Бұрын екі бап бойынша сотталып, екі жыл бас бостандығынан айырылған. Түрмеге үйін тонағандардың бірін өлтіргені үшін түскен. Ал бұл жолы бұзақылық бабы бойынша іс қозғалған. Ауыр жараланған 66 жастағы зейнеткер қазір ауруханада жатыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алдын ала болжам бойынша, ешбір себепсіз осы әйелге шабуыл жасап, соққыға жыққан. Қазіргі таңда әйел адам медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Десек те, барлық тергеу амалдары Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сай жүргізіледі. Сот-психиатриялық сараптама тағайындалады. Міндетті түрде азаматтың жүйке жағдайын анықтау мақсатында.

Гүлнәзия Мейірханқызы

← Барлық жаңалықтар