Нөсер жаңбыр Кентаудағы үйлер мен көшелердің астаң-кестеңін шығарып кетті. Көлкіген су тұрғындарды әбден әбігерге салып, тіпті бір үйдің қабырғасын тесіп, баспананың ішіне кірген. Толассыз жауған жаңбырдан тұрғындар аяқ алып жүре алмай қалған. Жоғары жақтан аққан су екі көшенің ортасында жолындағының бәрін жайпап өткен.
Жауаптылардың мәліметінше, 23 аула мен 13 көше, инфекциялық аурухананың жертөлесі суға толған. Бұған қоса, бірнеше баспанаға зиян келген. Тұрғындар арық-атыздардың дұрыс жасалмауынан осындай жағдайға тап болғанын айтады.
Оқиғаның салдарын жою үшін төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Қазіргі таңда су сору жұмыстары аяқталған. Зардап шеккендерге заң аясында көмек көрсетілмек.
БОЛЫСБЕК ШӘРІПБЕКОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кешеден бері 109 байланыс орталығына 106 хабарлама түсті, оның 93-і толықтай тазаланды. Қалған жеке тұрғын үй секторларында тазалау жұмыстары жалғасады. Залал келген тұрғын үйлердің шығынын есептеу жұмыстары жүргізілуде. Жауын-шашын салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерге заң аясында көмек көрсетіледі.
Ғалымжан Кенжебек