Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Иттің сойылын соғып, адамды қатерге тігуге бола ма?

Қаңғып жүрген иесіз иттер елдің есін шығарып бітті. Қорадағы малға да ауыз салып, көшедегі адамдарды да жүргізбей қойған. Ата-аналар ұл-қызын мектепке жалғыз жіберуге қорқады. Үйірімен үретін бұралқылардың қай бұрыштан тап берерін білмейсің. Арнайы заң қабылдап, жануарларға қатысты гумандық шешім қабылдау дұрыс па, әлде күмәнді ме?

Қаңғыған иттен қауіп көп. Бұралқылар басынған түрлі оқиғалардан кейін балалар аулада ойнауға, мектепке жаяу баруға, ал үлкендер көшеде емін-еркін жүруге қорқып қалған. Мәселен, бұдан екі жыл бұрын Оралда 13 жастағы баланы ит талап тастаған. Ол аздай, қашам деп көлік астына түскен. Анасының айтуынша, қанша ем-дом жасалса да, баласы әлі толық оңалмаған.

АЛТЫНАЙ ҚҰСАЙЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жаңағы жүргенде белім ауырады дейді. Машина қаққаннан болар деп ойлаймыз. Одан кейін аяғы ісіп кетеді, көгеріп кетеді. Қорыққаннан болар, қазір аздап ауытқушылық бар. Кейде түрлі ит болып үріп отырады. Кейде дұрыс сөйлемейтін кездері болады.

Мұндай жағдайдың көбейгенін дәрігерлер де растайды. Себебі күн сайын медициналық көмекке жүгінетіндер артқан. Ит қапқан жағдайда түрлі жұқпалы ауруларға шалдығып, ауыр асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай кезде уақыт жоғалтпай, бірден дәрігерге қаралу қажет.

ӘДІЛБЕК ЖЫЛҚЫБАЕВ, ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ПУНКТ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ит қапқанда үш қауіп бар. Біріншісі – терінің үстіңгі қабаты ғана зақымдалады. Екіншісі – тері жыртылып, айқын жара пайда болады. Үшіншісі – ең ауыр түрі, мұнда білек, мойын, тізе сияқты бөліктер қатты зақымдалады. Сондықтан міндетті түрде дәрігерге жүгіну керек.

Елімізде сағатына шамамен 5 адамды ит қабатыны айтылады. Осыған байланысты депутаттар 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды қатаңдату қажет дейді. Себебі иесіз жануарларды ұстап, вакцинациялап, қайта босату тәсілі тиімсіз болған. Халық қалаулылары бұралқы иттерді қайта жібере салмай, арнайы орындарда 50–60 күн ұстауды ұсынып отыр. Егер иесі табылмаса, олар сол жерде қалуы тиіс.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл заң жобасын дайындағанда халықаралық тәжірибеге сүйендік. Қазіргі жүйе қоғам қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейді. Сондықтан ауланған жануарларды панажайларға орналастыру немесе асырап алушыларға беру тетіктері қарастырылған.

Қазіргі талап бойынша жануарлар қауіпті жағдай тудырмаса, оларға күш қолдануға рұқсат жоқ. Ал жануарларға қатыгездік танытқандар да жауапқа тартылады. Дегенмен қай жағынан алсақ та адам өмірі қымбат. Сондықтан иттің сойылын соғамыз деп, қоғамды қатерге тігуге болмайды.

Қуат Құдайберген

← Барлық жаңалықтар