Мазмұнға өту
· 23 қаралым

Балаларға қатысты жаңа ереже

Қазақстанда балаларға қатысты жаңа ереже пайда болды. Енді кәмелетке толмағандардың құқығы аяқасты етіліп, ар-намысы қорланса, жауапты органдар бұрынғыдан да жедел әрекет етуі тиіс. Құжатта алғаш рет полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері мен қорғаншылық органдарының жауапкершілік аясы нақты бөлінген. Мәселен, келеңсіз ақпарат тіркелген жағдайда, құзырлы инстанциялар 1 сағат ішінде мәлімет жолдап, 1 жұмыс күні ішінде тексерісті бастап кетуге міндетті. Ал мәліметтер кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға бұрынғыдай 30 күн ішінде емес, небәрі 3 күнде түсуі керек. Сондай-ақ, әр баланың жағдайына кейс-менеджер жауап береді. Ол түйткіл толық шешілгенше жасөспірімнің жанынан табылып, мемлекеттік қызметтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Ресми арызды күтіп отыру міндетті емес. Құжатқа сәйкес әлеуметтік желідегі жазба немесе «111» қызметіне түскен қоңырау тексеріс бастауға жеткілікті. Бұл қадам ведомстволар арасындағы міндеттерді нақтылап, көмекке мұқтаж балаларға медициналық, психологиялық және құқықтық қолдаудың жедел берілуін қамтамасыз етпек.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар