Қоғам талқысына айналған Жанәбіловтер ісіне бүгін нүкте қойылды. Сот Ерболат Жанәбіловке шартты түрде соттау жазасын кесіп, мүлкін тәркілейтінін айтты. Ол осы уақыт ішінде пробациялық бақылауда болады. Ал әйелі Эльмира Төлегенова екі жыл бас бостандығынан айырылды. Алайда ол кәмелетке толмаған үш бала тәрбиелеп отырғандықтан, жазасын екі жылдан кейін өтейді. Олар айыпты жеңілдету үшін 247 млн теңгеден астам мүліктік залалды ерікті түрде өтегені белгілі болды.
ӘДІЛБЕК БАЙМАХАНОВ, СУДЬЯ:
Жанәбілов Ерболатқа түпкілікті шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мүлкі тәркіленсін. Қылмыстық кодекстің 63-бабы, екінші бөлігіне сәйкес, Жанәбіловке тағайындалған жаза шартты деп танылсын. Жаза мерзімі аяқталғанша пробациялық бақылауда болсын. Төлегенова Эльмираға мүлкін тәркілеумен бірге ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 74-бабы, бірінші бөлігіне сәйкес, жазаны өтеу мерзімі екі жылға, яғни 2028 жылдың 28 сәуіріне дейін кейінге қалдырылсын.
Үкім оқылғаннан кейін журналистер айыпталған ерлі-зайыптыдан сұхбат алуға тырысты. Алайда тек адвокаты қалып, өздері сот залынан шығып кетті.
ГАУХАР АЙТЖАНОВА, ЖАНӘБІЛОВТЕРДІҢ АДВОКАТЫ:
Мен сіздерге айтып тұрмын ғой, біз жұмадан бері осыны талқыладық. Процессуалдық шешім ұсынылды. Біз соған келістік. Апелляцияға бермейміз.
Айта кетейік, Жанәбіловтерге қатысты дау былтыр тамызда басталған еді. Ұтыс ойынын ойнатқан отбасының басы бәлеге қалып, бастапқыда заңсыз лотерея ұйымдастырды деп әкімшілік іс қозғалған. Алайда олар бұл жазамен құтыла алмады. Қазан айында заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты немесе мүлікті заңдастыру деген айыптар тағылды.