Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Техника паркі жаңартылады

Еліміздің егіс алқаптарында әлемдік брендтердің техникасы көбейеді. Бірақ комбайн мен тракторлар бұрынғыдай шетелден импортталмайды. Енді өзімізде шығарыла бастайды. Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін кеңейту бойынша Еуропа, Канада және Американың ірі инвесторларымен кездесті. Мақсат – отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу, техника паркін жаңарту. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құраса, енді оны жыл сайын 10 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Халықаралық серіктестер сервистік инфрақұрылымды дамытып, Қазақстан нарығында қатысуға қызығушылық танытып отыр.

ПЕТЕР ЗАКСЕ, JOHN DEERE КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТМД ЕЛДЕРІ БОЙЫНША ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ашықтығын және инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалаймыз. Былтыр қарашада қол қойылған Қостанайдағы өндірісті локализациялау жөніндегі стратегиялық келісім серіктестігіміздегі маңызды қадам болды. Біздің компания алдағы жылдары 3 мыңға жуық техника шығаруды жоспарлап отыр. John Deere Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз өндірісті одан әрі локализациялауға, өнімділікті арттыруға дайынбыз.

Қазақстан егіс алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, техниканы жаңарту қарқынын арттыру қажет, деді Олжас Бектенов. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өндірісті локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қойды.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар