Әлемдегі ең мамыражай елдердің бірі шенеуніктерге барынша жағдай жасауды көздейді. Жапонияда мемлекеттік қызметкерлердің киім үлгісі талқыланып жатыр. Күншығыс елі атқамінерлерге жұмысқа қалаған киімде келуге рұқсат беруі мүмкін. Билік осы арқылы жарық үнемдеуге болады дейді. Ал Франция билігі Үнді мұхитындағы Реюньон деп аталатын аумағында судың үстінен көпір салғалы жатыр. 12 шақырымға созылған аспалы жолдың құны 2 млрд еуроны құрайды. Жаһандағы осы және өзге де оқиғалар келесі топтамада.
ҚАТЕРЛІ ІСІК АНЫҚТАЛДЫ. ИЗРАИЛЬ
Газа секторын талқандап, Иранға тұтқиылдан шабуыл жасаймын деп басы дауға қалған Израиль премьерінің көпшілік ортадан неліктен жоғалып кеткені белгілі болды. Ақ халаттылар жоспарлы медициналық тексеріс сәтінде Беньямин Нетаньяхудан қуық асты безінің обырын анықтаған. Дәрігер қорытындысын ел билігі 2-3 ай жарияламай, аса құпия ұстапты. Себебі Иранмен соғысып жатқан уақытта алыпқашпа әңгімелердің таралып кетуінен сескенген. Премьер-министр әкімшілігінің дерегінше, қосымша зерттеулерден соң қатерлі ісіктің бастапқы кезеңі екені нақтыланған. Жаны тәтті премьер дереу қоғамнан оқшауланып, Иерусалимдегі ең заманауи медициналық орталықта толық емдеу курсынан өтіпті. Қазір мамандар Нетаньяхудың обырды толық жеңгенін растап отыр.
ТРАМПҚА ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ. АҚШ
Айдың күннің аманында АҚШ президенті оққа ұша жаздады. Дональд Трампқа Вашингтондағы салтанатты кеште қастандық жасалды. Бірақ құпия қызмет мамандары мен тәртіп сақшылары қаскөйдің шабуылын тойтарып, оны тұтқындап үлгерді. Ал Ақ үй басшысы лезде ғимараттан эвакуацияланды. Қауіпсіз жерге көшірілген Трамп артынша көпшілікке сауық кешін жалғастыруды өтінген. Оқыс оқиғадан Қауіпсіздік қызметінің бір офицері жарақат алыпты. Десе де ақ халаттылар оның өміріне қауіп жоқ екенін растады. Ал көп ұзамай АҚШ басшысы мұндай қылмыстардың алдын алу үшін заманауи ғимараттар қажет екенін айтып қалды. Дәл осы мақсатта қазір ел астанасында құпия нысанның құрылысы жүріп жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, саясаткер Америкада зорлық-зомбылық, атыс-шабыс деректерінің жиілеп кеткеніне де алаңдаушылық білдірді.
МИНИСТРДІ ЖЕР ЖАСТАНДЫРДЫ. МАЛИ
Африка елдерінде билікке талас қызып жатыр. Бұл жолы құрлықтың батысында жайғасқан Мали мемлекетінде атыс-шабыс басталды. Елдегі туарег ұлтының өкілдері бүлік шығарып, бірнеше қаланы басып алуға ұмтылған. Кескілескен ұрыс сәтінде Малидің қорғаныс министрі Садио Камара өлтірілді. Генерал-лейтенант шеніндегі министрге Кати қаласында қастандық жасалған. Бамакодағы аласапыран өткен аптада басталды. Бүлікшілер Аль-Каида ұйымымен байланысы бар содырлармен бірлесіп әскери хунтаны тақтан тайдыруды жоспарлаған. Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш қарулы қақтығыстарды қатаң айыптап, мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырды. Айта кету керек, Ассими Гоита бастаған әскери хунта билік басына 2020 жылы келді. Ол уақытта генералдар жергілікті халыққа бейбітшілік орнатамыз деп уәдені үйіп-төккен еді.
ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ТЫМ ЖЕҢІЛ ЖАЗА. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ
Экс-президент өлім жазасына кесіліп қана қоймай, қосымша тағы да 30 жылға сотталуы мүмкін. Оңтүстік Кореяның тізгінін 2,5 жыл ғана ұстаған Юн Сок Ёльге осындай жаза тағайындалатын түрі бар. Саясаткерге ауыр үкім кесу туралы ұсынысты арнайы прокурорлар тобы көтерді. Фемида өкілдері экс-президентті 2024 жылы елде қысқа уақытқа әскери жағдай жариялап, артынша бүлік ұйымдастырды деп айыптап отыр. Сол сәтте бұл шешіммен келіспеген Парламент басшының барлық бұйрығының күшін жойып, оған импичмент жариялаған еді. Көп ұзамай 65 жастағы саясаткер абақтыға жабылды. Айта кету керек, экс-президент Таңғы жұпар елінің тарихында тақта отырған сәтте істі болған алғашқы басшы.
Қайыркен Отыншы