Қызғалдақтың сұлулығын әлемге паш еткен Нидерланд елі Әулиеатаға ерекше тарту жасады. «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестиваліне алыстан ат терлетіп келген шетелдік қонақтар 40 мың түп дала гүлін тарту етті. Енді Жамбыл жері көктем сайын құлпырып, қызғалдақтың жаңа бояуымен ажарлана түспек.
Өткен жылы жамбылдықтар тау басына жете алмай, жеткені түсе алмай әбден қиналған еді. Биыл билік соны ескерсе керек, халықаралық фестивальді Есейхан елді мекенінің маңайында ұйымдастырыпты. Қарашаға қолайлы болған соң, әулиеаталықтар жаппай барды. Арнайы көлікпен Қаратауға шығып, патша гүлін 6 мыңға жуық адам тамашалады.
ДЖЕРОН, НИДЕРЛАНД ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ҚОНАҚ:
Мен бұл жерге қызғалдақ фестивалін көру үшін келдім. Халықаралық іс-шара жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бірақ әзірге толық аралап біткен жоқпын. Патша гүлі, концерттік бағдарлама, жылқылар бәрі керемет. Келесі жылы тағы ұйымдастырылса, қайта келіп қалатын шығармын.
Жалпы елімізде қызғалдақтың 41 түрі өседі. Соның 18-і Жамбыл жерінде жайқалып тұр. Ал 10 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Халықаралық шарада шетелдік қонақтар патша гүлінің сұлулығына тәнті болып, Нидерланд Корольдігі 40 мың түп қызғалдақ тұқымын тарту етті. Осылайша сырт ел азаматтары табиғатқа ерекше сый жасады.
Айтулы шарада көне дәстүрлер де қайта жаңғырды. Қымызмұрындықты жұрт болып жұмыла, ерекше ықыласпен атап өтті. Қыз-келіншектер болса, бәсекеге түсіп, бір-бірімен жарыса бие сауып, нағыз думанның көрігін қыздырды.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бүгінгі мереке тек қуаныш сыйлап қана қоймай, Жамбыл өңірінің туристік әлеуетін әлем жұртшылығына танытуға кең мүмкіндік берді деп есептейміз.
Халықаралық фестивальде ұлттық спортымыз да ұлықталды. Жастар боз кілемде белдесіп, ересектер асық атып, көпшілікті таңғалдырды. Ал бұрымдылар тек алтыбақан теуіп қана қоймай, садақ сайысында да бақ сынады. Қырағылығымен көзге түскен арулар әп-сәтте нысананы дәл көздеп, мергендіктерін көрсетті. Жүзден жүйрік болған жандарға жарыс соңында ақшалай сый-сияпат берілді.
Дәурен Доғдырбай