Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Астаналық оқушылар министрді таңғалдырды

Судың да сұрауы бар. Астаналық жеткіншек су шығынын есептейтін жүйе ойлап тапты. Елордалық шәкірт Жәңгір Әбуов әрбір қазақстандықтың күнделікті тұтынатын су көлемін бақылайтын «Су ізі» платформасын таныстырды. Инновациялық бағдарлама адамның әдеттерін талдап, үнемдеуге қатысты дербес нұсқаулықтар дайындайды. Жас өнертапқыштың жобасына Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов жоғары баға беріп, оны мемлекеттік деңгейде енгізу үшін арнайы келісімге қол қойды. Енді мектеп оқушысының стартапы елдегі су тапшылығын шешуге көмектеспек.

ЖӘҢГІР ӘБУОВ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Платформаның негізгі мақсаты – әрбір адамның суға деген көзқарасын өзгерту. Жүйе тұрмыстық қажеттіліктер мен тамақтану кезіндегі тікелей және жанама су шығынын автоматты түрде есептейді. Біз адамдарға суды қай жерде шектен тыс жұмсап жатқанын көрсетіп, нақты ұсыныстар береміз.

Жоба мұнымен шектелмейді. Тағы бір оқушы «Тамшы» атты анимациялық кейіпкер арқылы балаларға су үнемдеуді үйрететін бейнероликтер сериясын жасап шықты. Жәңгір мен Адияттың инновациясы енді кәсіби мамандардың бақылауымен жетілмек. «Су ізі» платформасы жақын арада нақты қолданысқа еніп, әр шаңырақтың сенімді көмекшісіне айналмақ. Мектеп қабырғасында басталған бұл стартап су тапшылығымен күрестегі нақты қадам. Оқушылардың идеясы үнемдеуді жай ұран емес, әрбір қазақстандықтың күнделікті әдетіне айналдыруды көздейді.

Үсен Астана
← Барлық жаңалықтар