Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Ит дегенде бет бар ма?

Сенаторлардың назарында бүгін жануарларға қатысты заң жобасы болды. Мәжіліс мақұлдаған құжатты Жоғарғы палата қолдамай, кері қайтарды. Заң жобасында қандай нормалар қарастырылғаны және Сенат депутаттарына нақты не ұнамады?

Бүгін Мәжілісте мақұлданып келген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы сенаторлардың сынына ұшырады. Жоғары палата депутаттары заңды басынан-аяқ саралап шықты. Ең алдымен «эвтаназия» терминін алып тастау керек деп бастады. Негізі бұған дейін Мәжіліс ұсынған нұсқада панажайға жеткізілген жануарлар бес тәулік ішінде иесі табылмаса, оларды өлтіру тетігі қарастырылған еді.

АРМАН ӨТЕҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Эвтаназия – жануарлар санын реттеу тәсілі емес, тек ең соңғы шара. Ол тек ерекше жағдайда, ветеринар дәрігердің қорытындысы болған кезде және жануардың созылмалы ауруы оның өмір сапасын ауырлатып, тұрақты ауырсынуға әкелген жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Мұндай шешім иесінің келісімімен және ветеринарлық, этикалық нормалар қатаң сақталған кезде ғана қабылдануы тиіс.

Сенаторлардың пайымынша, бес күн ішінде жануардың иесін табу жеткілікті мерзім емес, өйткені өңірлердегі жағдай мен мүмкіндік әртүрлі. Сондықтан иесіз хайуандар санын реттеу тәртібі мен нақты мерзімін орталықтан белгілемей, әр аймақтың мәслихаттары өз жағдайына қарай белгілеуі ұсынылып отыр. Сонымен қатар тағы бір түйткіл – чипі жоқ ит пен мысықты автоматты түрде қаңғыбас деп тану нормасы. Халық қалаулылары мұнымен келіспеді. Себебі құрылғының болмауы жануардың иесі жоқ екенін білдірмейді, бұл тек есепке алу құралы екенін ескертті.

АРМАН ӨТЕҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қолданыстағы «қаңғыбас жануарлар» терминінің редакциясын сақтап қалу ұсынылады, өйткені чиптің болмауы жануардың мәртебесін айқындай алмайды және меншік құқығын тоқтатпайды, тек жануардың тіркелмегенін білдіреді. Менің ойымша, жануарлар сәйкестендіру құралдарының бар-жоғына емес, иесінің болмауына байланысты қаңғыбас деп танылуы тиіс.

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы төрт жылда ел аумағында шамамен 1 миллионға жетер-жетпес қаңғыбас ит ұсталған. Ал адамдарға шабуылы бойынша 155 мыңға жуық дерек тіркелген. Десе де, жұмыс жүйесі әлі де бытыраңқы дейді депутаттар. Себебі қызмет құны мен қаржының тиімді жұмсалуы әр өңірде әрқалай, ортақ стандарт қалыптаспаған.

СӘКЕН АРУБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жануарларды есепке алу мен бақылау жүйесі әлсіз дамыған, өңірлерде бірыңғай тәсіл қалыптаспаған. Бұралқы жануарларды ұстау, күтіп-бағу, есепке алу және вакцинациялау қызметтерінің құны әртүрлі, ал бөлінетін қаражаттың тиімділігіне қатысты күмән бар.

Енді жануарларға қиянат жасағандар да оңай құтылмайды. Экология министрлігі жазаның күшейгенін, айыппұл мөлшерінің едәуір өскенін хабарлады.

НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер бұл әрекетте қылмыстық құрам болмаса, жеке тұлғалар үшін айыппұл 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғалар үшін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 20-дан 50 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға 40-тан 100 АЕК-ке дейін өседі. Яғни барлық жағдайда айыппұлдар шамамен 2,5 есе артады.

Қоғам назарын аударған бұл мәселелер әлі де пысықталады. Осылайша сенаторлар мәжіліс депутаттарының кейбір бастамаларын қолдамай, қайта қарау үшін кері қайтарды. Айта кетейік, заң жоғары палатаға түскеннен бері жұмыс тобының 5 отырысы өтіп, осы аралықта азаматтардан 300-ден астам өтініш түскен. Талқылауға мемлекеттік органдар өкілдері, зооқорғаушылар, заңгерлер және қоғам белсенділері қатысқан.

← Барлық жаңалықтар