Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Қазақстандық автокөлік зауыты Аспан асты елінде марапатқа ие болды

Қытайдың бренд көліктерін құрастыратын қазақстандық зауыт Аспан асты елінде жоғары марапатқа ие болды. Кәсіпорын аз ғана уақыттың ішінде халықаралық деңгейде танылып үлгерді. Арнамыздың түсірілім тобы салтанатты рәсімге арнайы қатысып, жақын арада отандық нарыққа шығатын қытайлық автоөнеркәсіптің жаңа үлгілерін сынақтан өткізіп қайтты.

Қытайдың Уху қаласында өткен «Chery 2026» жаһандық конференциясында «Локальды өндірісті дамытқаны үшін» аталымында «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» толық циклді мультибрендті зауыты марапатталды. Алматы қаласында орналасқан кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айынан бастап автокөлік шығаруды қолға алған.

КИТ МЭТЬЮ СИММОНС, «ASTANA MOTORS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

Бұл жетістіктің артында орасан жұмыс жатыр. Өздеріңіз білетіндей, біз жобаға 438 миллион доллар инвестиция құйдық. Қазақстан үшін әлемдік деңгейдегі автокөліктерді шығару мақсатында 2 мыңға жуық маманды жұмысқа алып, оқыттық. Өткен жылы конвейерден 15 мыңнан астам көлік шықса, биыл бұл көрсеткішті 50 мыңнан асыруды көздеп отырмыз.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan – Қытайдың үш бірдей жетекші автокөлігін шығаратын әлемдегі алғашқы мультибрендті зауыт. Атап айтқанда, өндіріс ошағында Chery, Changan және Great Wall Motor маркаларын шығару ісі жолға қойылған.

БЕКНҰР НЕСІПБАЕВ, «ASTANA MOTORS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Талқыланып жатқан сұрақтардың ең бастысы – Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің локализациясын көтеру. Сондықтан Chery компаниясы өз жағынан қолдау көрсетуге уәде берді. Алдымызға қойған мақсатымыз – қазақстандық автокөліктердің локализациясын ұлғайтуға бар күш-жігерімізді қосып, бес жылдың ішінде 51 пайыз локализацияға жету.

Бейжің автошоуында әлемнің өзге брендтерінің өнімдері де таныстырылды. Ең маңыздысы – Қазақстан қытайлық автокөліктерді бірлесіп өндіретін нарықтардың алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алды.

НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ, «ASTANA GROUP» НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Шын мәнінде, Қазақстан айтарлықтай маңызды рөл атқарып отыр. Біз қытайлық автоөнеркәсіптің мүмкіндіктерін паш ететін негізгі алаң іспеттіміз. Нарығымызда АҚШ немесе Еуропадағыдай қытайлық автоөнеркәсіпке қарсы кедергілер жоқ. Сондықтан біз нарықтағы жағдайдың нақты арасалмағын көре аламыз. Қытайлық брендтерге қатысты сенімсіздік пен үрейдің бәрі Қазақстанда сейілді деп айта аламын. Өйткені тұтынушы әрқашан сапа мен қолжетімді бағаны таңдайды.

«Astana Motors» компаниясының мәлімдеуінше, Chery брендінің су жаңа үлгілері Қазақстан нарығына 2026 жылдың үшінші тоқсанынан бастап жол тартады.

← Барлық жаңалықтар