Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Жаһандық нарықтағы дүрбелең

Жалақыға жарымаған жұрт жаппай бас көтерді. Айлығы шайлығына жетпеген бұқара біртіндеп нашарлаған тірлігінің түзелмей, тірнектеп тапқан тиын-тебенінің өзі ішіп-жемге жетпей жатқанына наразы. Латын Америкасындағы ахуал қиын. Олай деуімізге толық негіз бар. Қазір Венесуэладағы ең төменгі жалақы 130 боливар, бұл біздің валютаға шаққанда бар болғаны 125 теңге. Ал Аргентинадағы бұқара кедейліктің шегіне жеттік, ұл-қызымыз жоғары оқу орны түгілі, мектеп бітіре алмайды, шалғай аудандардағылар жұмыс таппай аштан бұратылып жүр деп жыларман.

Әлемдік нарықта қара алтын бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, барреліне 126 доллардан асты. Баға ауа райындай құбылып тұр. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыстың ушығуы мен Таяу Шығыстан шығатын шикізаттың бұғатталуы себеп. Әсіресе, әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуы жағдайды қиындатты.

СНХ: НАВИН ДАС, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Қазір біз тек мұнай туралы айтып отырған жоқпыз. Ормуз бұғазында сұйытылған табиғи газ, тыңайтқыштар мен басқа да мұнай өнімдері тұрып қалды. Бұл біздің өміріміздің барлық саласына тікелей әсер етеді: бензин мен дизельден бастап, өндіріске, электр қуаты мен үйімізді жылытуға дейін. Азық-түлік мәселесі де бар. Мұнда тек тауардың өзі емес, оны тасымалдау құны да артады. Қарапайым тілмен айтқанда, өнім бағасы да, логистика шығыны да айтарлықтай қымбаттайды.

ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАДЫ. ИТАЛИЯ

Таяу Шығыстағы дағдарыс тұтас Еуропаның есін алды. Әсіресе сұйық отын бағасы аспандап барады. Мысалы, Италияда бензиннің орташа құны 900 теңге болса, дизель отыны 1000 теңгеден асып кеткен. Жүргізушілерді мұндай өсім дүрліктіре бастады.

КАРЛОТТА, ТҰРҒЫН:

Иә, әрине, бәріміз қатты алаңдап отырмыз. Жағдай оңалатындай бір шара жасалады деп үміттенеміз. Өйткені біздің қолымыздан келер ештеңе жоқ, тек үміт артып күту ғана қалды.

ЕЛ ЕТ ЖЕУДЕН ҚАЛДЫ. СИРИЯ

Италиялықтар жанармайды алаңдаса, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар онсыз да тұралап тұрған Сирия экономикасына ауыр соққы болып тиді. Дамаскіде азық-түлік бағасы шарықтап, халық тұрмыстың тауқыметін тартуда. Он жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыс пен санкциялар салдарынан әбден әлсіреген елдегі жағдайды сыртқы саяси текетірестер тіпті қиындата түсті. Қазір қала базарларында тауар көп болғанымен, сатып алушы некен-саяқ.

АБУ ХАЛЕД, ТАУЫҚ ЕТІН САТАТЫН ДӘМХАНА ИЕСІ:

Баға бетімен кетті. Дизель отыны, жанармай мен сұйытылған газ бағасы тоқтаусыз өсуде. Халықтың сатып алу қабілеті кемі екі есе төмендеді. Мәселен, мен бұрын күніне 50 келі тауық етін сататынмын. Қазір тек 25 келісін ғана өткіземін. Көптеген отбасылар ет алуды азайтты, кейбірі мүлде жемейтін болған.

Табыстың төмендеуі қарапайым жұрт үшін күнделікті нан табудың өзін үлкен сынаққа айналдырды. Жанармайдың қымбаттауы мен шекарааралық сауданың шектелуі отандық тауарлардың бағасын шарықтатып жіберді. Бұл жағдай тек тұтынушыларға ғана емес, кәсіпкерлерге де үлкен соққы болып тиюде. Сауданың тоқырауынан көптеген дүкендер мен шағын бизнес нысандары шығынға батып, жабылу алдында тұр.

 ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРУДІ ТАЛАП ЕТТІ. ВЕНЕСУЭЛА

Венесуэла астанасы Каракаста жалақы мен зейнетақыны көтеруді талап еткен жұмысшылардың шеруі полицияның қарсылығына тап болды. Наразы топ президенттің сарайына бет алмақ болған. Алайда қаруланған құқық қорғау органдары олардың жолын бөгеп, сарайға жақындатпады. Айта кетейік, елде ең төменгі жалақы көлемі 2022 жылдан бері өзгермеген. Тіпті, шеруге жергілікті билік тарапынан алдын ала рұқсат берілгеніне қарамастан, 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы халықты алаңда қоршауға алды. Бұл осы айдың ішіндегі екінші ірі наразылық шарасы.

ХОСЕ ПАТИНЕС, ТҰРҒЫН:

Біздің мақсатымыз «Мирафлорес» сарайына барып, Конституцияның 91-бабына сай лайықты жалақы талап ету еді. Бірақ бізді мыңдаған полиция қоршап, осы алаңға қамап тастады. Қазір елде ең төменгі тұтыну себеті 1500 долларға жуықтады, ал азық-түліктің өзіне 700 доллар керек. Ал үкімет болса, бізге айына 100 доллардан да аз төлемекші. Біз тек заңның және Конституцияның орындалуын талап етеміз.

Қазіргі таңда Венесуэлада ең төменгі айлық небәрі 130 боливарды құрайды. Бұл халықаралық валютамен есептегенде бірнеше цент қана. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлер қосымша бонустарды қосқанда айына орта есеппен 150 доллар көлемінде табыс табады. Алайда бұл қаражаттың күнделікті азық-түлікке жетпейтінін айтқан жұмысшылар күресті тоқтатпайтынын жеткізді.

ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ. АРГЕНТИНА

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте де мыңдаған жұмысшы көшеге шығып, президент Хавьер Милейдің экономикалық және еңбек саясатына наразылық білдірді. Халық үкімет үйі «Каса Росаданың» алдына жиналды. Кәсіподақ лидерлері жұмысшылардың шыдамы шегіне жеткенін айтады. Наразы топ «кедейліктің шегіне жеттік» деп ұрандатып, жаңа еңбек заңнамасына түбегейлі қарсылық танытуда. Олардың пайымдауынша, биліктің жаңа реформалары халықтың әлеуметтік жағдайын одан сайын төмендетіп жібереді.

ХОРХЕ СОЛА, АРГЕНТИНА ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Әркім қара басын ғана ойлайтын заман туды. Біз еркіндікті қалаймыз, бірақ ол әлеуметтік әділдікке негізделген еркіндік болуы тиіс. Үйде ішер асы болмаса, ол не өмір? Егер кедей ауданның баласы мектеп бітіре алмаса, оны қалай атаймыз? Ал шеткері аймақтың адамы астанаға келіп жұмыс таба алмаса, бұл үлкен трагедия! Бұл әділетсіздік, әріптестер!.

Айта кетейік, наурыз айында Хавьер Милей қабылдаған реформа инвестиция тартуды көздегенімен, кәсіподақтардың қатаң сынына ұшырады. Еңбек заңнамасына енгізілген даулы өзгерістердің арасында жұмыс күнін 8 сағаттан 12 сағатқа дейін ұзарту, жұмыстан шығару өтемақысы жүйесін өзгерту және жалақыны шетелдік валютамен төлеуге рұқсат беру қарастырылған. Кәсіподақ белсенділері мұндай қадамдар жұмысшылардың құқын шектеп, ереуілге шығу мүмкіндігінен айырады деп есептейді. Қазіргі таңда Аргентинадағы саяси шиеленіс шегіне жетті.

ШЕКАРАДА ДАҒДАРЫС УШЫҚТЫ. ПӘКІСТАН

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы «Торхам» бақылау-өткізу бекетінде жүздеген ауған босқыны бірнеше күннен бері Отанына өте алмай тұр. Ресми Исламабад 2023 жылдан бері еліндегі 3 миллион ауғандықтың 2 миллионнан астамын депортациялаған. Олардың арасында 80-жылдардағы соғыстан қашып келіп, Пәкістанда туып-өскен екінші және үшінші буын өкілдері аз емес. Солардың бірі 40 жастағы Салиха Биби. Жеті баланың анасы бұрын-соңды көрмеген Отанына қайтуға мәжбүр. Бірақ екі ел арасындағы қайта тұтанған қарулы қақтығыс халықтың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр.

САЛИХА БИБИ, АУҒАН БОСҚЫНЫ

Көп жыл тұрған жеріңнен кету өте ауыр, бейне бір ата-анаңнан айырылғандай күй кешесің. Дегенмен, өз Отаныма оралып жатқаныма қуаныштымын. Пәкістанда қалай жақсы өмір сүрсем, Ауғанстанда да сондай берекелі тіршілік нәсіп етсе екен деп тілеймін. Өз басым мұнда жайлы күндерді өткіздім, бірақ қазір балаларымның жағдайына, болашағына қатты алаңдаймын. Олар тауқымет тартпаса екен деп дұға етемін. Пәкістандағыдай бейбітшілік пен тыныштық өз елімізде де болса екен.

Сарапшылардың пікірінше, биыл Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы текетірес 2021 жылы Кабулда билік ауысқаннан бергі ең шиеленісті кезеңге жетті. Исламабад көрші елді «содырларға пана беріп отыр» деп айыптаса, «Талибан» үкіметі бұл айыптауларды жоққа шығаруда. Қазір шекараның екі бетінде де жүк тиелген көліктер мен үй-жайынан айырылған босқындардың ұзын-сонар кезегі қалыптасқан. Босқындар лагеріндегі халық қос тараптан шекараны жаппауды және бейбіт түрде елге оралуға жағдай жасауды сұрайды.

Айбек Қосан

← Барлық жаңалықтар