Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Жарық қымбаттайды

Жарық қымбаттайын деп жатыр. Одан басқа амалымыз жоқ депті шенеуніктер. Электр энергиясын өндіретін компаниялардың былтыр қазынаға 37 млрд теңге берешегі бар екен. Оның орнын толтырудың ең оңай жолы – қарапайым халыққа шаша салу. Қу жанымыз қуырдақ боп, біреудің қарызын төлейміз енді. Ведомство жырымшылап, көрші елдердегі бағаны түгендеп, мысалға келтіріп, ең бірінші тарифті көтермекші. «Жұт – жеті ағайынды» дегендей, бір қызметтің құны өссе, басқасы автоматты түрде артынан шұбырып ілесетіні үйреншікті жағдай. Сонымен қашан қымбаттайды, халық қаншадан төлейді? Қайыркен Отыншы тарқатсын.

«Баяғы, баяғы Байғожаның таяғы» демекші, жыл басында бағаны ұстап тұрған шенділер ақырын тарифке ауыз сала бастады. Бұл жолғы қымбатшылыққа халықтың мүлде қатысы жоқ. Мәселе мынада: былтыр жарық өндіруші ұйымдар қазынаға 37 млрд теңге қарыз болып қалыпты. Ал осы берешек тариф есебінен өндіріледі екен. Яғни бәз біреулердің қарызын шиедей таланып, қарапайым халық төлейді. Десе де атқамінерлер өзгерістерді тұтынушылар мүлде сезбей де қалады дейді.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Біз қазір келіп түскен өтініштерді қарастырып жатырмыз. Меніңше, тариф болар-болмас қана көтерілуі мүмкін. Шамамен 4-5% ғана қосылатын шығар. Ал қарыз туралы деректер өткен жылдың екінші жартысында ғана шықты. Енді қомақты берешек тариф құнын өсіру арқылы өндіріледі. Алайда жарықтың бағасы бірден өсіп кетпейді. Бұл жұмыстардың барлығына уақыт керек. Сондықтан 2-3 ай міндетті түрде қажет болады.

Бір қызығы, тиісті министрлік пен жарық желілерін басқаратын компания өкілдерінің пікірі бір жерден шыға келді. Мәселен, KEGOC басшысы тариф құнының жаһанның біраз елімен салыстырғанда арзан екенін айтып, мақтанды. Ал су тегін бағаны жауаптылар бірнеше жылдан бері төмен деңгейде ұстап келеді екен. Тіпті жарық желілерін басқаратын компания өкілінің жорамалы министрліктің сандарынан да асып түсті. Вице-министр айтқан 4-5% айналайын болып қалды. Негізі жарық тарифін 2031 жылға дейін үздіксіз өсіру жоспарда бар екен. Ал түскен қаржыға инвестиция көздерін тартып, электр желілерін жаңғырту ойда бар.

НӘБИ АЙТЖАНОВ, KEGOC АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

KEGOC бойынша айтсам, біздің тариф еш уақытта аспандамаған. Жарық бағалары әрқашан құлаққа қонымды болды. Бірақ көрші елдермен салыстырып қарайтын болсақ, Ресейге қарағанда біздің тариф өте төмен. Десе де Орталық Азия елдерімен теңестіріп қарасақ, баға сәл жоғары болуы мүмкін. Ал бұл межемен тұра бермей, ары қарай дамуды қаласақ, баға саясатын қайта қарау керек болады. Мысалы, инвестициясыз тұрақты жарықпен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Сондай-ақ елімізде энергетика мен коммуналдық саланы жаңғыртуға қыруар қаржы бөлінеді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Оның сөзінше, ауқымды жөндеу жұмыстары биылдың өзінде басталып кетіпті. Жалпы, жыл соңына дейін 9 энергия блогы, 55 қазандық пен 51 турбина күрделі жөндеуге жабылады. Ұлттық жоба бойынша бас-аяғы 130 шақырым жылу желісі мен 10 мың электр желісін жаңғырту көзделген. Ал негізгі мақсат – желілердегі тозу мен шығындарды азайту және отандық өндірушілерді қолдау.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Энергетикалық және басқа да секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын іске асыру жалғасып келеді. Ағымдағы жылы ұлттық жобамен 130 км жылу желісі мен 10 мың км-ден астам электр желісін жаңғырту көзделген. Үкімет резервінен 7 өңір үшін 25 млрд теңге бөлу алдын ала жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 3 өңірге тиісті қаражат қабылданды. Қалған өңірлерге жуық арада бөлінеді.

Ал Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылу беру маусымына дайындықты жеделдетіп, барлық негізгі жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Жұмыс кестесі де қауырт. Аймақ басшылары мектептер мен медициналық мекемелерді 1 қыркүйекке дейін толық дайындап үлгеруі тиіс. Белгіленген межеден асып кеткен жағдайда басымен жауап береді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі туындап отыр. Егер күзде өңірлерде энергия нысандары дайындық паспорттарын ала алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, онда өңір әкімдері тікелей жауап береді. Жылумен қамтамасыз ету жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет.

Үкімет те аймақтардағы тозығы жеткен жылу жүйесін жөндейміз деп қып-қызыл шығынға батайын деп тұр. Министрлер кабинеті қазірдің өзінде қиын-қыстау кезеңге деп жиналған қордан 25 млрд теңге қаржы алуға мәжбүр болды. Бұл ақшаға Жетісу, Абай, Ақмола мен Шығыс Қазақстандағы құбырлар ауыстырылады.

← Барлық жаңалықтар