Қорғаныс министрлігі 104 жасқа келген соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады. Зұлқарнай Сейітов — Алматы қаласы Алмалы ауданындағы ең қарт майдангерлердің бірі. Жасы жүзден асса да қария мүдірмей сөйлеп, өздігінен жүріп-тұра алады.
— Сізді Жеңіс күнімен, Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз!
— Қайдан?
— Алмалы ауданынан келдік.
Естуі нашарлағанымен, өзін құттықтауға келгендерді жақсы таниды ақсақал. Қос ұлынан бес немере, сегіз шөбере сүйіп отырған қария бейбіт өмірдің қадірін жастар терең түсінсе дейді.
ЗҰЛҚАРНАЙ СЕЙІТОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
Денсаулық, бақыт тілеймін. 100 жасаңдар! Отбасыларыңмен, балаларыңмен бірге бақытты өмір сүріңдер. Құдайым қолдай берсін! Дендерің сау болсын!
Зұлқарнай ата 1922 жылы Омбы облысының Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. 20 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Сталинград шайқасына қатысқан. Кейін Беларусь пен Польшаны азат етуге атсалысып, Берлинге дейін жеткен. Онда көшелерді минадан тазарту жұмыстарына қатысыпты.
ЖАЛҒАС МЕДЕТОВ, АЛМАЛЫ АУДАНЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жасы 104-ке келді. Төрт жыл майданда болған. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Осындай ардагерлердің арқасында біз бейбіт күнде өмір сүріп отырмыз.
Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 57 ардагер бар. Оның 14-і Алматы қаласында тұрады. Соның төртеуі Алмалы ауданында тұрып жатыр. Әскери қызметкерлер мереке сайын қарт майдангерлерді арнайы құттықтап, сый-сияпат табыстайды. Биыл әр ардагерге 5 миллион теңгеден берілген.