Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды

Еліміздің саяси аренасында жаңа партия пайда болды. Бүгін Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтті. Оған елдің түкпір-түкпірінен мыңнан астам делегат қатысып, саяси ұйымның құрылуын қолдап дауыс берді.

Партия төрағасы болып бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Айбек Дәдебай сайланды.

Айбек Дәдебай делегаттарға көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, бұл шешімді үлкен жауапкершілік ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Партияның негізгі құндылықтары ретінде әділдік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму айқындалған. Ал бағдарламасының басты қағидаты — «Заң және Тәртіп».

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ – «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ УӘКІЛЕТТІ ӨКІЛІ:


«Әділет» партиясы әділет қағидасы мен әділет құндылығын негізгі ұстаным етіп отыр. Бұған дейінгі тарихта әділеттілік мәселесі жеткілікті деңгейде көтерілмеген. Енді соның уақыты келді деп есептейміз. Біз өткенге сын айтпаймыз, әр кезеңнің өз міндеті мен басымдығы болды. Бір кезеңде тұрақтылық пен бірлік маңызды болса, бүгінгі күннің талабы — әділеттілік.

Партияның алдағы стратегиясын айқындайтын Саяси кеңес құрамына 30 адам сайланды. Оның қатарында мемлекеттік менеджерлер, қоғам белсенділері, медиа саласының және ірі бизнес өкілдері бар.

Үсен Астана
← Барлық жаңалықтар