Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Арақ-шарап сатылымын қалай реттейміз?

Ішімдіктің сатылымына бақылау керек. Қылмыстың көбі арақ-шараптың кесірінен болады деген мәжілісмен дамыған елдерде алкоголь саудасы реттелгенін алға тартты. Магерам Магеррамовтың бұл пайымына мейрамхана иелері қарсы. Олардың сөзінше, егер біз ішімдікті сөреден не мәзірден алып тастасақ, туристерден айырылып қаламыз. Өзге елден келген қонақтар тұмса табиғатымызды бағалап, ерекше мекендерімізді аралап болған соң асқа тойып, ішімдік тұтынғанды жақсы көреді екен. Іздегенін таппаған мейман елімізге қайтып оралмасы анық дейді кәсіп қожайындары.

Аты халал болғанмен, заты басқа тойлар көп бүгінде. Дастарханға қойылмаса, шәйнекпен алдырады, той иесін жақсы отырмыз деп нандырады. Алайда қуаныш соңы дау-дамайға ұласатын сәттер де аз емес. Қазір заң бойынша құрамында этиль спирті 30 пайыздан асатын ішімдік кешкі тоғыздан кейін, ал аспайтыны он бірден соң сатылмауы тиіс. Бұл талап орындалып жатыр ма? Іңір түсіп, межелі уақыт болғанда елорда дүкендерін бетке алдық.

Міне, алғашқы минуттан-ақ құқық бұзушылыққа куә болдық. Айласын асырып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар үшін бұл үйреншікті әдет секілді. Лицензиясынан айырылса да, қайта қулыққа басатындар бар.

АЗАМАТ ҚҰРЫМБАЕВ, ҚР ІІМ ӘПК БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда 3 мыңнан астам сату фактісі тіркеліп тұр. Бірқатар кәсіпкерлерге заң бұзушылыққа барған лицензияларды тоқтату немесе лицензиясын жою туралы шешім қабылданды. Бір жыл ішінде қайта құқық бұзушылықтарға кейбір кәсіпкерлер жол береді.

Статистикаға жүгінсек, еліміздегі әрбір екінші кісі өлтіру мен зорлау ішімдіктің кесірінен болады. Мас болып рөлге отырып, жол апатын жасайтындар да азаймай тұр. Салдарынан сансыз ғұмыр күл-талқан болады. Осылайша бір бөтелкенің құны бір тағдырмен пара-пар келіп тұр. Бұл мәселені шешу үшін түрлі ұсыныстар да айтылуда. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов әлемдік тәжірибені қолданып, цифрлық бақылау орнату керек дейді.

МАГЕРАМ МАГЕРРАМОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:

Егер Еуропа елдеріне, мысалы Данияға барсаңыз, кез келген жерден ішімдік таба алмайсыз. Ол жерде арнайы уақыты мен орны бар. Бізде қанша қылмыс тіркелді. Түнгі төбелес, зорлық – бәрі осы ішімдіктен. Мемлекет үшін не нәрсе қымбат екенін анықтау керек. Зорланған, ұрланған, түрмеге түсетін қылмыскерлер ме, әлде кәсіпкерлер табысы ма?

Ащы судың әлегіне пікірлер де әртүрлі. Бірі оны қарапайым демалыс көреді, енді бірі сол «көңіл көтерудің» артында тұрған шынайы қатерді жақсы біледі.

Ал мейрамхана басшыларынан құралған ұйым бұл ұсынысқа түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, арақ-шарап сатылымы азайса, бюджетке түсетін салық көлемі де қысқарып қалатын көрінеді. Бұдан бөлек, туризмнің тағдырын алға тартып отыр. Шетелдіктер елдің табиғатына, сән-сәулетіне қоса қызмет көрсетуге де қатты көңіл бөледі дейді. Әсіресе көңіл көтеру, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына, ас мәзіріне қарайды екен.

ВЕРОНИКА ДАУГАЛИЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ САЛАСЫН ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз діни мемлекет емеспіз, зайырлы елміз. Арақ сатсақ та, адалынан сатып жатырмыз. Салығын төлеп жатырмыз. Біз жыл сайын бюджетке табысымыздың 4 пайызын құямыз. Оңай ақша емес. Егер біз мұны тоқтатсақ, туристер де аз келеді. Арақ-шарап сатылмаса, қайдан қонақ келсін.

Таңдауға талас жоқ. Алайда қанша уақыт ащы сумен алысып, тәртіпке саламыз деп тартысып жүргенде, жастар жаңа дертпен танысып үлгеріп жатыр. Бірі телефонға телміріп, бірі есірткіге елітіп, енді бірі лудоманияның шырмауына шырмалып жүр.

← Барлық жаңалықтар