Енді диқандарға министрліктің рұқсатынсыз бір тамшы да су берілмейді. Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға осындай қатаң тапсырма берді. Себебі өңірде су тапшылығы қаупі бар. Бірақ тіршілік нәрінен тарыға бастаса, шаруалардың үнін дер кезінде еститін құлақ табыла ма? Олардың жазған хаты жоғарыға жеткенше, атқамінерлер әрекет еткенше егін қурап қалмай ма? Қағазға байланған бюрократия ала жаздай белі бүгілген біреудің еңбегін қалай құтқарады?
Биыл судың әр тамшысы есептеледі. Үкімет отырысында Олжас Бектенов жауапты министрліктің келісімінсіз ешбір өңірге артық су берілмеуі керектігін шегелеп айтты. Себебі Оңтүстік аймақтағы бірқатар ауданда диқандардан шағым түсе бастаған. Бектенов тапшылықтың алдын алу үшін лимиттердің қатаң сақталуын және шаруаларды жаппай үнемдеу технологияларына көшіруді талап етті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып, диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шараларды іске асыру керек. Бірқатар оңтүстік ауданда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуге тиіс.
Үкімет басшысының жауапты ведомствоға қатаң тапсырма беруіне негіз бар. Себебі елдегі бірқатар су қоймаларында жағдай күрделі. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов тіршілік көзінің көлемі қай өңірде азайғанын айтты.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймалары 97 пайызға толы. Алматы облысына 2026 жылға 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр су лимиті бекітілген. Жиналған су көлемі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, Алматы облысында Күрті су қоймасы аумағында су тапшылығы қаупі сақталып отыр. Қазір қоймада 64 млн текше метр су бар. Бұл өткен жылғыдан 38 млн текше метрге аз.
Сондай-ақ жиында жыл сайын айтылып, жыр болған шегіртке мәселесі де сөз болды. Үкімет басшысы зиянкеспен күресті кешіктірмей бастауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов шекаралас елдермен бірлесіп, ошақтарды анықтау үшін зерттеу жүргізіліп жатқанын айтты.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта шекарадағы маңызды учаскелерде мониторинг жүріп жатыр. Енді аталған алгоритм бойынша зиянкестердің ошақтары анықталған жағдайда, екі жақтан да техника жіберіледі. Жалпы, елімізде шегірткемен күресте алаңы 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған. Оңтүстік өңірлерде бұл жұмыстар басталды.
Ал егін егетін шаруалар үшін мамыр айы қолайлы болмақ. Алайда Экология және табиғи ресурстар министрі маусымда аптап ыстық болуы мүмкін екенін ескертті.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Жалпы, мамыр айында күн райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Маусым айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы күтілуде. Елдің астықты өңірлерінің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында болуы мүмкін. Жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста болуы мүмкін.
Жиын соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Енді жауапты тұлғалар егін егу науқанының сапалы өтуін және жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуын жеке бақылауына алуы тиіс.