Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Бизнесмендерді біріктіру керек

Бизнесмендерді біріктіру керек. Өйткені Түркі елдері экономикалық кооперацияны күшейту арқылы ортақ нарық қалыптастыруға ниетті. Бұл сауда көлемінің артуы мен инвестициялық жобаларды тартуға оңтайлы мүмкіндік туғызады. Әсіресе аяғынан ақсаған, 12 мүшесі қақсаған агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары қайта түлемек.

Қазақстан түркі әлемі елдері үшін Қытай мен Азияға жол ашатын алтын қақпаның кілті. Ал Түркия Еуропаға дендеп енуге мүмкіндік береді. Сондықтан қос елдің майлы қасықтай араласуы бекер емес. Саяси серіктестікпен қатар сауда-экономикалық тұрғыдағы байланыстар артып келеді. Мәселен, Түркі инвестициялық қоры ірі жобаларға 20 млн доллар бөлуге дайын.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Қазақстан үшін Түркі инвестициялық қоры тек қаржы институты ғана емес, өзара сауданың өсуіне, жаңа өндіріс құруға және елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді. Кәсіпкерлер осы интеграциялық процестердің негізгі қозғаушы күші болып саналады. Сондықтан бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау маңызды.

Сегіз мемлекеттің өкілдерін бір арнаға тоғыстырған жиында ортақ нарық құру мәселесі қаузалды. «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» дейтін күн артта қалмақ. Бірлескен өндірістік жобаларға басымдық беріледі.

АДЕМ КУЛА, ТҮРКІ ЕЛДЕРІ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАЛАРЫ ОДАҒЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Ең алдымен, біз елдер арасындағы сауда көлемін арттырып, шикізат ресурстары, жаңа өндірістер, технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейміз. Негізгі міндеттердің қатарында кедендік одақ құру, еркін сауда келісімдерін жасау және түркі мемлекеттері арасындағы жоғары логистикалық шығындарды азайту бар.

Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 36 пайызға өскен. Дегенмен, сақа сарапшылар сауданы жаңа деңгейге көтеру үшін кооперацияларды дамудың даңғыл жолына түсірмек. Бас-басына би болған бизнесмендерді біріктіріп, нарықтың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру бұлтартпас міндет.

ҚАЗЫБЕК ШАЙХ, ҚР ҰЛТТЫҚ КООПЕРАТИВТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі өте маңызды тақырып – жалпы кооперацияны дамыту. Өйткені түркі тілдес халықтардың бірлесіп кәсіби кооперация, тұтыну кооперациясы осы бағытта дами отырып, біз түркі тілдес мемлекеттердің жалпы дүниежүзілік бәсекеге қабілетін ұлғайтып, дамытып, тұрақты экономика құруға мүмкіншілігіміз бар.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Үш жүздің даласында 300 миллион адамның тұрмысына қатысты талқыланған тақырыптар осындай. Сиырдың бүйрегіндей пышыраған бизнес өкілдерін біріктіру – басты мақсат дейді ұйымдастырушылар. Өйткені кооперативтер көбейсе, алыс-беріс жеңілдеп, тауар бағасы арзандауы ықтимал. Ал түбі бір түркі мемлекеттерінің басын біріктірген іс-шара үш күнге созылмақ.

← Барлық жаңалықтар