Мазмұнға өту
· 1 қаралым

Түркістан саммитіне тас-түйін дайын

Киелі Түркістан шаһары түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосатын саммитке сақадай сай. Қала аумағы абаттандырылып, 2 млн-ға жуық гүл егілген. Саябақтар жаңартылып, келетін қонақтарға ыңғайлы жағдай жасалыпты. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бұрыш-бұрыштың бәрі тазаланып, тәртіп сақшылары күндіз-түні қызметте.

Бейресми кездесудің Түркістанда өткізілуі де бекер емес. Себебі көне шаһар түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталығына айналып келеді. Президенттер бірнеше нысанды аралайды екен, сонымен қатар жиында «жасанды интеллект және цифрландыру» бағытына басымдық берілмек. Білетіндер бүгін-ертең 5 мыңнан астам турист келеді деп күтіп отыр. Сондықтан қалада қонақтарды қызықтыратын орындардың да саны артыпты.

ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Түркі мемлекеттері 7 мемлекеттен 17 атақты қолөнершіні әкеліп жатырмыз. Оның үстіне бүкіл Қазақстаннан ең мықты деген 33 қолөнершіні алып келдік. 60 шақты қолөнерші ертең жиналады, жүйелі түрде жұмыс істеткізетін боламыз.

← Барлық жаңалықтар