Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Түркия басшысын ресми түрде қарсы алды. Салтанатты рәсімде әскери ұшақтар астананың аспанында Түркияның байрағын бейнелеп, алыстан ат арытып келген Режеп Тайип Ердоған мен бауырлас елге құрмет көрсетті.
Қос елдің әнұраны шырқалған соң, президенттер ресми кездесуді өткізуге бет алды. Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Әңгіменің әлқиссасында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін беретінін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Арамызда тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз. Былтыр Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін.
Жиын ары қарай Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысына жалғасты. Мұнда тараптар екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық мәселелерді талқылап жатыр. Ал ертең президенттер Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитіне қатысады.