Қазақстанда 3 жаңа орден пайда болады. Бүгін Сенат мемлекеттік наградалар туралы заңды талқылады. Депутат Айгүл Қапбарова жаңа марапаттар қоғамдағы ғылым, руханият құндылықтарын дәріптеуге бағытталғанын айтты.
Атап өтсек, білім және мәдениет саласында жетістікке жеткендерге «Әл-Фараби», ел дамуына үлес қосқан ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне «Қожа Ахмет Яссауи» ордені табысталады. Ал «Мейірім» төсбелгісі қайырымдылықпен айналысқан азаматтарға арналмақ. Мәжілісмендер ұсынған, сенаторлар мақұлдаған заң жобасы Президентке қол қоюға жіберілді.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Заң мүдделі мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары және құқық қолдану тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік наградалар жүйесін мазмұндық жағынан күшейтеді. Олар қоғамға ғылым мен білімнің, руханият пен мәдениеттің, мейірім мен әлеуметтік жауапкершіліктің мемлекеттік деңгейдегі құндылықтар екенін нақты көрсетеді.