Қазақ пен түрік өле-өлгенше дос болуға серттесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Сөйтіп, президентіміз Анадолы түбегінен келген мәртебелі мейманға су жаңа мемлекеттік награда Қожа Ахмет Яссауи орденін тақты. Енді түрік көсемі бұл марапатқа ие болған алғашқы адам.
Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының тарихы тереңде. Екі елді серіктестік қана емес, шынайы достық та байланыстырады. Дәл Анкара дербес Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекет. Осы уақытқа дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолыға 6 рет ат басын бұрды. Сүлейман Демирельден бастап, Түркия тізгінін ұстаған мемлекет басшылары атажұртқа 17 мәрте сапарлап келген. Ал Режеп Тайып Ердоған осымен қазақ даласына бесінші рет табан тірепті. Мәртебелі мейманды бұл жолы Тәуелсіздік сарайында президенттің өзі күтіп алды.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең әуелі, сізге атажұртқа арнайы шақырғаныңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін.
Қос лидер бұған дейінгі кездесулерінде тек қана маңызды тақырыптарды талқылап қоймай, бір сәт салауатты өмір салтын насихаттап үлгерді. Екі президент үстел теннисінен сайысқа түскені көпшіліктің есінде. Ал бүгін Қазақстан мен Түркия басшылары алдымен шағын құрамда пікір алмасты. Мемлекет басшысы Анадолы жұртының маңызды серіктес екенін, қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түркия біз үшін бауырлас ел. Маңызды, әрі сенімді серіктес. Елдеріміздің тарихы мен рухани құндылықтары ортақ. Тамыры терең байланыстарымыз бүгінде халықтарымыздың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ.
Шынында да, Қазақстанның Түркия десе шығар жаны бөлек. Бауырларға қандай көмек қажет болса, біздің ел алып-ұшып тұрады. Мәселен, 2023 жылы Анадолының Газиантеп және Кахраманмараш аймағындағы жер сілкінісінде алғашқылардың бірі болып көмекке отандық құтқарушылар аттанды. Бұдан бөлек, еліміз зілзаладан зардап шеккен аймақта Қожа Ахмет Яссауи атындағы білім ордасын салып берді. Мектептің ашылу салтанатына қос лидер онлайн қатысты. Ал бауырлас елдер арасындағы стратегиялық байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінде Мәрмәр теңізінің жағасынан тартылған инвестиция мөлшері 6 млрд доллардан асып, елімізде 3 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істеп тұр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түркия ірі инвесторымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін сіздің еліңізден экономикамызға 6 млрд инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 млрд долларға жуықтады. Сондай-ақ түрік елі негізгі 5 сауда серіктесіміздің бірі болып табылады.
Десе де, бауырлас елдің көсемі бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыруға ниетті. Режеп Тайып Ердоған сауда-саттық айналымын алдағы уақытта 15 млрд долларға жеткізуді көздейді. Бұның алғышарттары да жасалып қойды. Мәселен, Түркияның компаниялары елімізде 4 млрд долларды құрайтын 100 инвестициялық жобаны бастады. Бұл қосымша 3 мың жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз 15 млрд долларлық сауда айналымы мақсатымызды растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада бас қосқан Үкіметаралық экономикалық комиссия отырысында қабылданған жоспардың жүзеге асырылуы маңызды екенін атап көрсеттік. Инвестиция тақырыбында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз.
Екі ел басшыларының ресми кездесуінен соң қос тараптың бизнес өкілдері жаңа жобаларды таныстырды. Мәселен, бауырлас ел Абай облысында тау-кен байыту комбинатын, Алматыда желатин өндірісін, Түркістанда биологиялық белсенді қоспа зауытын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Қазпоштаның» да жұмысы бір жүйеге келетін күн алыс емес, Түркия тарапы Ақтөбенің халықаралық әуежайында логистикалық орталық құрамыз дейді. Ал осы жиыннан соң Ердоған мырза Ер түріктің бесігі – Түркістанға аттанады. Тарихи шаһарда қос президент Түркі мемлекеттері ұйымы басшылары кеңесінің бейресми саммитіне қатысады.