Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды

Түркі әлемінің назары Түркістанға ауды. Киелі шаһарда бүгін Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті басталды. Маңызды саяси жиынға Қазақстанды қосқанда бес елдің президенті қатысып жатыр. Саммит басталмай тұрып Қасым — Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиевпен бірге өзбек елінің басшысы сыйлаған мешітке бас сұғып, дұға етті. Іс — шараның басы-қасында жүрген аймақтағы әріптесім Ғалымжан Кенжебекке сөз кезегін беремін!

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Рахмет, Асаубек. Көптен күткен саммит те басталды. Түбі бір түркі елдерінің басшылары түгел жиналды. Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой деп, Мағжан ақын жырлағандай, маңызды жиын алдында алдымен мәртебелі меймандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды. Мұнда визит-орталық пен қолөнершілер қалашығын аралады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан елінің президентімен жаңадан ашылған мешітке арнайы бас сұқты. Дәстүрлі ислам элементтері қамтылған заманауи мешіт Шавкат Мирзиёевтің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға тартуы ретінде салынған. Қос елдің көшбасшылары арнайы діни орынға зиярат етті.

«Қазақ елі мен Өзбек елінің бауырмалдығын мәңгі ет. Алла тағала екі елдің достығын нығайтып, бір-біріне деген тілегін қабыл ет».

Көп ұзамай, түс қайта саммит басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден келген әріптестерін конгресс-холл орталығында күтіп алып, шақыртуды қабылдаған президенттерге алғысын білдірді. Алғашқы сөзді бастаған ел Президенті бірнеше мәселені көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Яғни халықаралық геосаяси жағдай құбылмалы болып тұрған кезде түркі елдері бірлікте болуының астын сызып тұрып атап өтті. Бірнеше ұсыныс айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ саммитті отандық және халықаралық сарапшылар бақылап, кездесуден үлкен дүние күтетіндерін жеткізді. Олардың сөзінше, бейресми форматта өтіп жатқан жиында президенттер өздерін еркін сезініп, көптеген мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді деп отыр. Сарапшылар кездесу барысында бірнеше салада ілгерілеуді күтіп отыр.

ХАЛИЛ ЧЕТИН, АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮРКОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ғылым жағынан қарағанда да тағы бір маңыздылығы бар. Қазір білесіз, осы саммиттің тақырыбы жасанды интеллект туралы шешім қабылданды. Қазір білесіз, технология болмаса, ешбір жерде ешнәрсе жүрмейді. Сол үшін біз бәрін пайдаланып, бәрін іске асырып, жасанды интеллект арқылы жобалар жасауымыз керек. Бір электронды библиотека құрған кезде, оған түрік мемлекеттері кіріп, интернет болған жерде кез келген жерде өздеріне керек ақпаратты алады.

Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте айтып қалды. Мемлекет басшысының сөзінше, орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуеті пайдаланылады. Ал мемлекет жоғары оқу орнына қажетті барлық көмекті көрсетеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды, сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Сарапшылардың сөзінше, саммиттің дәл Түркістанда өтуі де кездейсоқтық емес. Себебі Түркістан – түркі елдерінің рухани-мәдени астанасы болып табылады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көне шаһарда түркі елдерінің өркениет орталығын құру туралы шешім қабылдаған. Әрине, рухани-мәдени тақырыптан бөлек, біраз елдің басшылары жаһандық мәселелерді ұмыт қалдырмады. Оның ішінде экономика, қауіпсіздік, логистикаға қатысты да маңызды шешімдер талқыланды. Саммит жаңа ғана аяқталды. Әзірге айтарым осы.

← Барлық жаңалықтар