Бұл апта еліміз үшін маңызды оқиғалармен есте қалды. Елордаға Түркия көшбасшысы Режеп Тайип Ердоған арнайы келгенін еске салайын. Негізі, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының тарихы тереңде жатыр. Қос мемлекетті серіктестік қана емес, шынайы достық та байланыстырады. Түріктер Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің қатарында. Осы уақытқа дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолыға 6 рет ат басын бұрды. Сүлейман Демирельден бастап, Түркия тізгінін ұстаған жандар атажұртқа 17 мәрте сапарлап келген. Ал Режеп Тайип Ердоған осымен қазақ даласына бесінші рет табан тірепті. Мәртебелі мейманды бұл жолы Тәуелсіздік сарайында президенттің өзі қарсы алды. Бауырлас елдің басшылары алдымен шағын құрамда пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолының маңызды серіктес екенін, қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түркия ірі инвесторымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін сіздің еліңізден экономикамызға 6 млрд инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 млрд долларға жуықтады. Сондай-ақ, Түрік елі негізгі 5 сауда серіктесіміздің бірі болып табылады.
Шынында да, Қазақстанның Түркияға деген көңілі бөлек. Бауырларға көмек қажет болса, біздің ел алып-ұшып тұрады. Мәселен, 2023 жылы Газиантеп және Кахраманмараш аймағындағы жер сілкінісінде алғашқылардың бірі болып көмекке отандық құтқарушылар аттанды. Бұдан бөлек, еліміз зілзаладан зардап шеккен аймаққа Қожа Ахмет Яссауи атындағы білім ордасын салып берді. Мектептің ашылу салтанатына қос лидер онлайн қатысты. Ал бауырлас елдер арасындағы стратегиялық байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінде Мәрмәр теңізінің жағасынан тартылған инвестиция мөлшері 6 млрд доллардан асып, елімізде 3 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істеп жатыр.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең әуелі, сізге атажұртқа арнайы шақырғаныңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін.