Мазмұнға өту
· 19 қаралым

Қазақстан Алтын Орданың заңды мұрагері

Теңге атауы Жошы ұлысының «данг» сөзінен тамыр тартады. Тіпті «деньги» дегеннің түбірі де осыдан шығуы мүмкін. Алтын Орда мұрасын арқау еткен симпозиумда Президент осылай деді. Бұл бір ғана мысал болғанымен, ұлысты зерттеуді қажет ететін тұстары көп. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшылар Елордада бас қосып, Ұлы Дала өркениетінің саяси, мәдени және ғылыми қырларын кеңінен талқылап жатыр.

Алтын Орда мұрасы бүгін Арқа төсінде қайта жаңғырып жатыр. Еуразия кіндігін кең жайлап, алып атырапта билік құрған қуатты империяның тарихын түгендейтін алғашқы симпозиум бұл. Алқалы жиынның арқалаған жүгі ауыр. Ғылыми еңбектерге арқау болғанымен, Алтын Орданың тарих қойнауында қатталып қалған қырлары аз емес. Мінберден сөйлеген Президент заң үстемдік құрған ұлыстың өткеніне үңіліп, алдымен мызғымас мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз.

Алтын Орда – тарихи жазбаларда Жошы ұлысы деген атаумен танымал. Ол Батыс пен Шығысты жалғайтын өркениеттердің бастауы болды. Президенттің сөзінше, құрылымның тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, рөлін жаңаша пайымдау маңызды. Өйткені ұлыстың мол зияткерлік мұрасы мен рухани дәстүрі, дамыған экономикасының болғанына тарих куә.

МАҚСАТ АЛПЫСБЕС, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Ол мемлекеттің көптеген экономикалық, мәдени, сауда қарым-қатынастары да әлемдік деңгейдегі үлкен импакт-фактор болғанын атап өтуіміз керек. Міне, қазіргі жүргізіліп жатқан зерттеулердің өзі сол кездегі көптеген мәселелердің әлі де ашылуын қажет ететінін көрсетеді.

Шын мәнінде, Жошы ұлысының біз білмейтін сырлары соңғы жылдары ғана археологиялық тұрғыдан зерттеле бастады. Бүгінде еліміздің әр өңірінде көміліп жатқан ортағасырлық ескерткіштерді ғылыми айналымға қосу және оларды жүйелі зерделеу жұмыстары қарқын алып келеді.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ТАРИХШЫ:

Соңғы 20 жылда ғана Алтын Орданың жеке археологиясы пайда болды. Біз Қазақстан территориясында бұрын білмеген қалаларды тауып жатырмыз. Бұл дамыған таза көшпелі емес. Аралас, көшпелі-отырықшы өркениет болғанын 10 жылдың ішінде ғана біліп жатырмыз.

Алмағайып заманда тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті. Президент ұстанып отырған басты идея да осы. Заманында дәуірлеген Жошы ұлысы ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылықты сақтап, алып империялармен дипломатиялық байланыс орнатты. Сондай-ақ, Құрылтай институты да дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз.

Алтын Орда мұрасын зерттеп көруге аңсары ауғандар көп. Ауқымды ғылыми жиынға әлемнің 25 елінен 350-ден астам делегат арнайы келген. Солардың бірі – Гарвард университетінің профессоры Даниел Табин. Ол ұлттың этногенезін зерделегісі келеді.

ДЭНИЕЛ ТАБИН, ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГЕНЕТИКА САЛАЛАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Алтын Орда дәуірінде қыпшақ тілдерінің қанат жаюымен қатар, моңғол топтарының қоныс аударуы сияқты көптеген маңызды процестер жүрді. Мәселен, бүгінгі қазақтың Найман, Жалайыр сияқты ірі тайпаларының шығу тегі мен атауын тарих пен этимология тұрғысынан зерделесек, түп-төркіні моңғол тайпаларына барады. Сондықтан қазақтардың арғы бабаларының, мәдениеті мен тарихының қомақты бөлігі Жошы ұлысымен сабақтасып жатыр.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қазір менің ту сыртымда тұтас бір дәуірдің тынысы тұр. Мына көрмеге Алтын Орда кезеңіне сәйкес келетін 600-ге жуық тарихи жәдігер қойылған. Экспонаттар еліміздің 22 музейінен арнайы алдырылыпты. Солардың бірі – мына ежелгі монеталар. Елестетіп көріңізші, осыдан 7-8 ғасыр бұрын дәл осы тиындар Ұлы Жібек жолындағы саудагерлердің қолында жүрді. Тарихшылардың айтуынша, сол заманда Алтын Ордадағы ақша айналымы жылына 28 миллион теңгені құраған деседі. Сол кездің өлшемімен бұл өте үлкен сома.

Симпозиум аясында ұйымдастырылған көрмеге 70 археологиялық және сәулеттік ескерткішті қамтитын интерактивті карта, дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» атты қолжазба ұсынылған.

ӘЗІЛХАН ТӘЖЕКЕЕВ, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Мәдениет, өнер, ғылым деген көрменің арнайы бөлігі бар. Ол жерде қолжазбалардан Құранды, дін, тарих, астрономия, математика, медицина, әдебиет сияқты барлығы 21 түпнұсқа қойылды.

Осылайша мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда айтқан ұлы бастаманың негізін қалап берді. Симпозиумдағы салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болмақ. Іс-шараның қорытындысында арнайы қарар қабылданады.

← Барлық жаңалықтар