Парламент «Құрылтай туралы» заңды қабылдады. Саяси реформаға сәйкес, жаңа заң шығарушы органның құрамында 145 депутат болады. Олар 5 жыл мерзімге сайланады. Құжатта бір палаталы парламенттің мәртебесі, құрылымы және өкілеттіктері айқындалған. Бұл заң референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құрылтайға бірқатар маңызды кадрлық өкілеттіктер беріледі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін Парламенттің қос палатасы Конституциялық заңдарды жаңа Ата заңның ережелерімен сәйкестендірді. Парламент депутаттарына жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындағаны үшін алғысымызды білдіреміз.
Бұдан бөлек, Парламент «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Оған сәйкес, енді Қазақстан Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын ұсынып, референдум өткізу құқығына ие болды. Сондай-ақ, ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету өкілеттігіне ие болды. Бұдан бөлек, кеңес Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыруға міндетті.