Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Қазақтың бір туар ұлының туған күні

Ұрпақтарды бір арнаға тоғыстырған бірегей тұлға. 25 мамыр — еліміздің тағы бір арда азаматы дүние есігін ашқан күн. Бүгін — Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туған күні. Осы айтулы датаға орай Алматыда генерал тұрған үйдегі ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қою шарасы өтті. Қазақтың біртуар азаматын еске алуға Алматы гарнизонының жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери оқу орындарының курсанттары арнайы келді. Шараға жиналғандар Отандық әскер мен ел тарихында алтын әріппен жазылған генералды асқан құрметпен еске алды.

АЙСҰЛУ НҰРМАҒАМБЕТОВА, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ САҒАДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВТЫҢ ҚЫЗЫ:

Мен барлығына алғыс айтқым келеді. Әкемнің ерлігін ұмытпай, жыл сайын үйге келіп, елеп-ескеріп кетеді. Тағы бір қуантарлығы, еске алуға жиналғандардың арасында жас курсанттардың үлесі басым. Міне, осындай азаматтар ертең ел үмітін ақтайды деп сенемін. Әкемнің жолын, ерлігін қайталауға қауқары бар. Ал Сағадат Нұрмағамбетов өз елінің нағыз патриоты еді. Ол Қарулы күштерді жан-тәнімен жақсы көрді.

Ал Сағадат Нұрмағамбетовтың жүріп өткен жолы — Отанға деген махаббат пен қалтқысыз қызметтің жарқын үлгісі. Қызыл Әскер қатарына Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында алынған қолбасшы ауыр майдан даласында пулемет взводының командирі лауазымын абыроймен атқарды. Сұрапыл соғыс аяқталған соң да генерал бар ғұмырын әскери қызметке арнап, Айбынды армия құру жолында аянбай еңбек етті. Ал аумалы-төкпелі заманда дәл осы білікті азаматқа Тәуелсіз Қазақстанның әскерін жасақтау мәртебесі берілді.

← Барлық жаңалықтар