45 миллиард теңге. Бұл еңбек етіп тапқан, бірақ есеп-шоттарда елеусіз жатқан қазақстандықтардың қаржысы. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, бүгінде 280 мыңға жуық ел азаматы зейнет жасына жетсе де, өздеріне тиесілі ақшаларын талап етпеген. Олар негізгі 3 санаттан тұрады. Мәселен, 155 мыңнан астам есеп-шот өмірден өтіп кеткен салымшылардың атында. Мұндай жағдайда тиісті қаржы мұрагерлеріне беріледі. 61 мыңы шетелге көшіп кеткендердікі. Елден жырақта жүргендер халықаралық құқық бұзбаса, зейнетақыларын алуға толық құқылы. Ал 62 мыңнан көбі зейнеткерлікке шығуға ресми түрде өтініш бермегендер екен. Олар жасы жетіп тұрса да, ақшаларын алуға жүгінбепті. Жинақтаушы қор ел азаматтары мен олардың мұрагерлеріне тиісті төлемдерін алып кету керегін ескертті. Қор өкілдері азаматтарды өз есеп-шоттарын тексеріп, қажет болған жағдайда төлем рәсімдерін уақтылы жүргізуге шақырады.