Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Қазақстан мен Кипрді не байланыстырады?

Астана мен Кипрдің Ларнака қалалары арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды. Аралдағы мемлекеттен аттанған алғашқы жолаушылардың қатарында Кипр президенті де бар. Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапармен ат басын тіреді. Жерорта теңізіндегі ат төбеліндей аралдың басшылары бұрын-соңды біздің елге келмеген екен. Қонақжай қазақ топырағына тұңғыш табаны тиген мейманға Тәуелсіздік сарайының төрі бұйырды. Дипломатиялық қатаң хаттама бойынша көшбасшылар делегаттарды таныстырып, құрмет қарауылы басшысының рапортынан соң екі елдің әнұрандары шырқалды.

Қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнаған. Соған қарамастан, алыс-беріс аса көп емес. Өткен жылы өзара тауар айналымы 794 мың доллар болса, биыл алғашқы үш айда бұл көрсеткіш 42 мыңға жетіп қалған. Қазақстан тарапы аралға дәрілік заттар, тоқыма өнімдері, радио және телевизиялық хабар таратуға арналған аппаратура мен өзге де техникалар жеткізеді. Ал Кипрден өрт сөндіру құрылғылары, сүзгілер мен ойыншықтар, жарықтандыру жабдықтарын импорттаймыз. Бұдан былай тараптар серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, сауда-саттықты еселеуді көздеп отыр. Шағын құрамда келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұған күш салуға дайын екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен, екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын.

Бүгінгі келіссөздер шеңберінде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға басымдық беретін екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылайды. Сонымен қатар бірнеше меморандумға қол қоймақ.

← Барлық жаңалықтар