Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Қазақстан мен Кипрдың арасы жақындай түсті

Астана мен Кипрдің Ларнака қалалары арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды. Аралдағы мемлекеттен аттанған алғашқы жолаушыларының қатарында сол елдің президенті де бар. Никос Христодулидис Ұлы далаға ресми сапарлап келді. Тараптар тұралап қалған алыс-берісті жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Орталық Азиядағы Қазақстан мен қарт құрлықтың күнгейіндегі Кипрды не байланыстырады?

Жерорта теңізіндегі ат төбеліндей аралдың басшылары бұрын-соңды біздің елге келмеген екен. Қазақ топырағына табаны тиген Никос Христодулидиске Тәуелсіздік сарайының төрі бұйырды. Дипломатиялық қатаң хаттама бойынша салтанатты рәсімнен кейін қос ел көшбасшысы бірден келіссөз үстеліне жайғасты. Тараптар серіктестікті жаңа деңгейде көтеріп, сауда-саттықты еселеуге ынталы. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған күш салуға дайын екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси деңгейдегі тұрақты байланыстар және дипломатиялық ведомстволар желісі арқылы сенімді түрде ілгерілеп келеді. Астана мен Никосия қалаларында елшіліктеріміздің ашылуы жүйелі әрі нақты ықпалдастықтың берік институционалдық негізін қалайды. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

Қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс 90-жылдардан тамыр тартады. Соған қарамастан, алыс-беріс аса көп емес. Өткен жылы өзара тауар айналымы 794 мың АҚШ долларын құраса, биыл алғашқы үш айда бұл көрсеткіш 41,9 мыңға жетіп қалған. Қазақстан тарапы аралға дәрілік заттар, тоқыма өнімдері, радио және телевизиялық хабар таратуға арналған аппаратура мен өзге де техникалар жеткізеді. Ал Кипрден өрт сөндіру құрылғылары, сүзгілер мен ойыншықтар, сүт өнімдері, жарықтандыру жабдықтарын импорттайды екенбіз. Бұдан былай біздің ел кипрлік кәсіпкерлермен серіктестікті мығымдауға баса мән бермек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек, парламентаралық байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды.

Кипр экономикасының негізгі күші – теңіз порттары. Елдің экспорты мен импортының 90 пайызға жуығы Лимасол айлағы арқылы тасымалданады. Осылайша, теңіз секторы ел қазынасына жыл сайын 1 миллиард еуродан астам табыс әкеліп отыр. Бұл ретте Никос Христодулидис кеме қатынасы саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Оның сөзінше, Кипр қазақстандық инвесторлар үшін Еуроодақ нарығына шығатын тиімді қақпа бола алады.

НИКОС ХРИСТОДУЛИДИС, КИПР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Сондай-ақ елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқан Кипр Президентіне құрмет көрсетіп, І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттеріміздің ынтымағын көздеген ниетіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Қазақстандықтар Сізді айнымас дос әрі халықаралық деңгейдегі беделді мемлекеттік қайраткер ретінде таниды. Белсенді қызметіңіздің арқасында өзара сенім, саяси диалог және ынтымақтастығымыз нығая түсті. Ортақ күш-жігер арқылы қарым-қатынасымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін.

Басқосу қорытындысында тараптар инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейтуге келісті. Ресми делегациялар мүшелері ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Осылайша, Астана мен Никосия арасындағы географиялық қашықтыққа қарамастан, қос мемлекеттің экономикалық және саяси мүдделері бір арнаға тоғысты.

← Барлық жаңалықтар