Бүгіннен бастап Отбасы банктің ипотекасы қымбаттайды. Енді аралық несиенің ставкасы бірыңғай 8,5 пайыз болады. Бұрын бұл мөлшер үй алушы таңдаған ипотекалық бағдарлама мен бағалау көрсеткішіне байланысты өзгеріп отыратын. Бұдан былай барлық аралық несиелерге бірдей шарт қолданылмақ. Өзгеріс бастапқы тұрғын үй сатып алуға, қайталама нарықтан алуға, жеке баспана салуға, жер теліміне және «Әскери баспана», «Свой дом» бағдарламасына енгізіледі. Банк өкілдерінің сөзінше, бұл өзгеріс ай сайынғы төлемге үлкен салмақ салмайды. Мысалы, 30 миллион теңге несие алсаңыз, бұрынғымен салыстырғанда ай сайынғы төлеміңіз қарыз мерзіміне қарай шамамен он екі-жиырма мың теңге аралығында артық болуы мүмкін. Айта кетейін, банктің жаңа талабы осы күнге дейін үй рәсімдеп қойғандарға немесе ипотека рәсімдеу кезеңінде жүрген жандарға әсер етпейді.