Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Президент 5 заңға қол қойды

Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы биыл 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Ата заңның ережелерін жүзеге асыру мақсатында 5 конституциялық заңға қол қойды. Оның біріншісі – «Президент туралы». Бұл заң президенттің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін айқындайды. Құжаттың басты ерекшелігі – вице-президент институтының құрылуы. Ол мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.

Екіншісі – «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң. Осы құжатқа сәйкес, Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады және олар бес жыл қызмет етеді. Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген төраға басқарады. Оны депутаттар жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайлайды. Президент қол қойған үшінші құжат – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Заңға сәйкес, Халық кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Ол кең ауқымды құзыретке ие, мәселен заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы. 42 өкілден тұратын кеңестің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

ЮЛИЯ КОСТЯНАЯ, ҚР ПІБ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫ ЖЕКЕ ЗАҢНАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мемлекеттің саяси жаңғыруы үшін маңызды кезең. Өйткені жаңа Конституцияның қабылдануы заңнаманы оған сәйкестендіруді талап етеді. Яғни Ата заң ережелері іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі үшін тиісті заңдар қабылданып жатыр деген сөз. Бұл құжаттар арқылы елдегі мемлекеттік басқару жүйесі ғұрлым тұрақты әрі түсінікті бола түседі. Себебі әрбір мемлекеттік органның өкілеттігі мен міндеттері нақты айқындалған. Сондай-ақ басты назар билік тармақтарының тұрақтылығына, үйлесімділігіне және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге аударылған.

Президент, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға қол қойды. Бұл құжаттар астананың қызметін ұйымдастырудың, сондай-ақ елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын қалыптастыру мен дамытудың негізгі құқықтық тетіктерін айқындайды.

← Барлық жаңалықтар