Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Астанада тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр

Жеріміздің үсті астыққа, асты түрлі қазбаға толы деп мақтанатынымыз рас. Алайда оны тиімді пайдалану, заманға сай бейімдеп шикізат өндіру үшін үнемі тәжірибе алмасып отыру керек. Осы себепті елімізде Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресі жұмысын бастады.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Қойнауы қазба байлыққа толы Қазақстан бүгін тау-кен саласының мамандары мен шетелден келген мәртебелі меймандардың басын қосты. Пікірталас алаңындағы басты тақырып – жер қойнауын пайдалану және металлургия мен өндіріс саласындағы стратегиялық бастамаларды ілгерілету. Сондықтан болар, жиынға қатысқан премьер-министр Олжас Бектенов бұл өндіріс кешенін дамытуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын дамытуға және елдің ресурстық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта еліміздің аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмыстары басталды. Жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан 470 млн долларға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас.

Форумға жалпы 16 елдің 2000-нан астам делегаты ат басын бұрып отыр. Бұдан бөлек, іс-шараға 30 шақты халықаралық компания мен Қазақстанның 40 ұйымы қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы өз өнімін таныстырып, шетелдік алпауыттармен келіссөз жүргізуге ниетті.

БЕРІК МЕДЯНОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Біз жаңа бағыттарды қолдауды бастап жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – шикізат беретін компаниялармен келіссөздерге келіп, болашақта жаңа позицияларды алуға дайынбыз. Қазіргі кезде Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан жанымыздағы мекемелермен және Оман компаниясы қызығушылық білдіріп жатыр. Сол кісілермен бүгін кездесеміз.

Халықаралық жиында сөз сөйлеген шетелдік делегаттар металл өндірісіндегі инвестиция, технологияны дамыту, цифрландыру және жасанды интеллектіні игеру мәселелеріне тоқталды. Осы орайда олар Қазақстанның осы саладағы әлеуетін жоғары бағалап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатқанын айтты.

БАНДАР БИН ИБРАХИМ ӘЛ-ХУРАЙФ, САУД АРАБИЯСЫ КОРОЛЬДІГІНІҢ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ МИНЕРАЛ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Қазақстан біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз екенін және болашақта пайдалы қазбалар жөніндегі форумға бізбен бірге қатысатынын атап өткім келеді. Әрине, біз Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар екенін білеміз. Мұнда біздің мемлекеттік сектор мен жеке бизнес өкілдерінен құралған ауқымды делегациямыз келді. Өте нәтижелі кездесулер өткіздік және екі ел үкіметтері арасында да, жеке сектор өкілдері арасында да бірқатар нақты бастамаларды жүзеге асырмақпыз. Біздің мақсатымыз – қалыптасқан жақсы қарым-қатынасты одан әрі дамытып, нығайту.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ екі күнге созылатын іс-шарада тау-кен саласындағы салық, түрлі минералдардың экология мен өнеркәсіптегі қауіпсіздігі, шикізаттарды қайта өңдеудің заманауи жолдары кеңінен талқыланып, сала мамандары өзара пікір алмасады.

← Барлық жаңалықтар