Мазмұнға өту
· 7 қаралым

«Участковыйы» жұмыссыз қалған ауыл

Соңғы төрт жылда әлемдегі алкоголь индустриясы 830 миллиард доллар жоғалтқан. Мамандар зумер ұрпақ арақ-шараптан ада, зиянды әрекеттерге көп жуымайды деген байламға келген. Спиртті ішімдіктен бас тартқандар арасында Ақтөбедегі ауыл халқы да бар. Тұтас бір елді мекеннің дүкен сөрелерінде ащы су атымен жоқ. Дастарқаны тек адал дәмге толы.

Жарық – Ақтөбенің Қобда ауданына қарасты ауыл. Үлкен жолдың бойында, облыс орталығынан бір жарым сағаттық жерде орналасқан. Шағын ғана елді мекенде 300-ден астам тұрғын бар.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Бір қараған адамға бұл ауыл өзге елді мекендерден еш айырмашылығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Ұзын көше және қаз-қатар тізілген үйлер. Алайда Жарық ауылында ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Жарықтағы бірде-бір дүкенде спиртті ішімдік сатылмайды. Соның арқасында отбасындағы кикілжің, ұрыс-керіс, ұрлық-қарлық секілді бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

ДАРХАН АЙМАҒАМБЕТОВ, УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР:

Ауылдың тұрғындарымен, бәрімен шешілген. Үлкен адамдармен сөйлестік, молдалар бар мұнда. Бәрі бірігіп, дүкендерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, содан тоқтады.

Дархан Аймағамбетовті бұл ауылда танымайтын жан жоқ. Ішкі істер саласында 18 жылдық тәжірибесі бар инспектордың әр таңы елді мекенді аралаудан басталады. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, кез келген түйткілді ушықтырмай шешуге дағдыланған. Тәртіп сақшысына бұл істе ауылдың қадірменді қариялары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің де тигізер септігі мол.

АМАНБАЙ ЕРҒАЛИЕВ, ЖАРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Арақ ішіп, иә болмаса ұрлық жоқ, арақ ішіп салынып кеткен ешкім жоқ, бәрі тыныш. Нәтижесі көрініп тұр ғой ауылдың енді. Ішімдік болып, нетіп жатса, сразу естіледі ғой. Участковый бар, неміз бар, жеткізеді ғой. Ондай шатақ-матақ деген жоқ.

ДАРХАН АЙМАҒАМБЕТОВ, УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР:

Малымды таба алмай жатырмын дегенге іздесіп шығамыз, қалып қояды – соларды тауып береміз бірігіп. Жасөспірімдер арасы тыныш. Жастар кешкісін жүреді, түнде жүрмейді. Сағат он бірден кейін үйлерінде болады, көшеде адам көрінбейді. Ұрлық жоқ болған соң, нарушение деп 102-ге ешкім звонок түсірмегесін, бізге де жақсы ғой. Бес жылда қылмыс тіркелмеген. Мал шаруашылығымен айналысады ғой бәрі. Ішімдіктің болмағанының себебінен деп ойлаймын.

Арақ ішу жақсылыққа апармайтынын ауыл халқы жақсы түсінеді. Елдің сұрауын кәсіпкерлер қолдап, дүкен сөрелерінен алып тастаған.

АЙТОЛҚЫН АЯПБЕРГЕНОВА, КӘСІПКЕР:

Өзіміз басынан екі-үш жыл бұрын айтып жүргенбіз. Дүкен ашсақ, ішімдік сатпаймыз деп. Басында келісіп алғанбыз жолдасым екеуміз. Біреуге кесірім тиіп кете ме деп қорқам, шынымды айтсам. Бір семьяға тиіп кете ме деп, арақ керек емес. Бізде жастар араққа тәуелді емес, ешкім.

Жарықта орнаған жайлы, тыныш өмірге көрші ауылдағылар қызығып қарайды. Алақандай ауыл болса да, тірлігі қайнап жатыр. Біздің түсірілім тобы концертке дайындықтың үстінен түсті.

ҚАЛАМША БЕСМАҒАМБЕТОВА, МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бәрі бірдей Ақтөбеге көше берсе, ауылда да адам баласы қалуы керек қой. Ауылдың мәдениетін өркендету керек. Ауылда халыққа деген мәдениет, тынығу жұмыстарын жүргізуіміз керек деген. Халық үшін жұмыс істеп отырған адамдармыз. Жұмысым бар, үйім бар, қай жаққа барам, не істеймін Ақтөбе?!

Ауылдағылардың күнкөріс көзі – мал бағу, егін егіп, бау-бақша салу. Бүгінде Жарықтың айналасында 36 шаруа қожалығы бар.

ТАҢАТ КЕНБАЕВ, ЖАРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір басым көпшілігі орта жастағылар ғой мына шаруашылық ұстап отырғандар, самозанятость адамдар малмен отыр. Сосын мектебіміз бар, клубымыз бар, сонда жұмыс істейді.

Тыныштық пен тәртіп орнаған ауылға кім қызықпасын?! Жарықтың үлкендерінің бір тілегі бар – ауылымыз жастармен толықса дейді. Егер жас маман отбасымен көшіп келсе, баспанамен қамтуға да әзір.

СӘУЛЕГҮЛ АРОНОВА, ЖАРЫҚ АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕП-БАЛАБАҚША МҰҒАЛІМІ:

Тыныш ауыл. Жері жақсы, суы жақсы. Осы ауылға, шынымды айтсам, бәрін көшіп келуге шақырамын. Бізде ауылға көшіп келгенде отбасына бірінші үй, сосын алдына мал салып береміз.

Ащы суды татып алмаймыз деп шешім қабылдаған тек Ақтөбенің Жарығы ғана емес. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, ішімдіксіз ауылдар қатары жыл санап көбейіп келеді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Дайындық ауылы солардың бірі. Қараса көз тоятын тірлігі бар Дайындықта 350-ден астам адам тұрады. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандар көп.

ЕРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:

Ауылда арақ атымен сатылмайды. Үлкен той-томалақтарда да ішу азайды ғой. Халық салауатты өмір салтын ұстанады.

Адамдардың дені қылмысқа мас күйінде баратын көрінеді. Ішкі істер министрлігі жыл сайын ащы суға сылқия тойып алғандардың қолымен жасалған үш мыңнан астам қылмыс тіркелетінін айтады. Министрліктің «Зиялы қауым», «Ақсақалдар кеңесі» жобалары – соның бәріне тосқауыл қою үшін қолға алынған жұмыс.

ЕРЛАН САНАТОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Статистиканы қарасақ, жыл санап аталған ауылдарда спиртті ішімдік ішетіндер саны азайып келеді. Қазір 641 ауыл бар. Ішімдіксіз ауылдарымен көш басында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстары тұр.

Бүгінде Қазақстан бойынша 600-ден астам ауыл ішімдіктен іргесін аулақ салған. Қылмысты тамырымен жойған елді мекендердің бұл қадамы – өзгелерге үлгі. Жарық пен Дайындық ауылдарының игі бастамасы жалғасын тапса, қоғам дертінен арылып, салауатты ғұмыр кешетіндер қатары арта түсері сөзсіз.

← Барлық жаңалықтар