Мазмұнға өту
· 7 қаралым

АҚШ пен Иран бітімге келе ме?

Жаһан жұрты асыға күткен бейбіт келісімді де көретін күнге жеткен сияқтымыз. Аузы айға білеген АҚШ пен оның тегеурінінен тайсалмайтын Иран арасындағы соғыс аяқталды. Дональд Трамп солай деді. Тараптар бейбіт келісімге келейік деп қол алысып, тарқасыпты. Ақ үй иесі бұл жақта бітімге келіп жатқанда, оның күйеу баласының кесірінен Албанияда шеру басталып кетті. Трамптың туысы сонда не бүлдірген? Көшеге шыққандардың талабы қандай?

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен үш айға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Тараптар осы демалыста бейбіт келісімге қол қойып, Ормуз бұғазы кеме қатынасы үшін қайта ашылуы мүмкін. Бұл әлемдік энергетика бағасын шарықтатқан қақтығысты тоқтататын маңызды дипломатиялық қадам болмақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Естіген боларсыздар, біз Иранмен соғысты аяқтадық. Олар ешқашан ядролық қаруға ие болмайсыңдар дегенге келісті. Бұл біздің басты талабымыз әрі түпкі мақсатымыз еді. Яғни, діттегеніміздің 95 пайызы орындалды және олар бұған келісім беріп отыр.

Дегенмен, Тегеран келіссөздерге қатысты түпкілікті шешім қабылданбағанын алға тартты. Қазір мемлекеттер арасында Иранның бұғатталған миллиардтаған доллар активтерін қайтару мәселесі талқыланып жатыр. Тегеран қаражаттың тікелей берілуін талап етсе, Уашингтон оны гуманитарлық мақсатта кезең-кезеңімен бөлмекші. Сондай-ақ, Иран Ливандағы Израиль шабуылдарын тоқтатуды, санкцияларды алып тастауды және Ормуз бұғазына бақылауын мойындауды талап етіп отыр.

ГЕО: ИРАН

ИБРАХИМ АЗИЗИ, ИРАН ПАРЛАМЕНТІ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өкінішке қарай, АҚШ президенті қарама-қайшы пікір айтады. Оны Иран да, бүкіл әлем де көріп отыр. Себебі, Уашингтон нақты шешім қабылдауға қауқарсыз. Тұрақсыз әрі ашкөз АҚШ басшылығы бүгінде Ислам Республикасының қатаң әрі ойсырата соққы берген жауабын көріп отыр.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Біріккен Ұлттар Ұйымын алаңдатып отыр. Бас хатшы Антониу Гутерриш АҚШ-тың Иранға және Тегеранның көршілес бейбіт елдерге жасаған соққыларын айыптап, тараптарды дереу ортақ мәмілеге келуге шақырды.

СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бас хатшы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына, әсіресе қақтығысқа қатысы жоқ Парсы шығанағындағы көршілес елдерге жасалған соққыларға және жауласу риторикасының күшеюіне алаңдаулы. Ол жағдайдың одан әрі нашарлауын болдырмау үшін тараптарды атысты тоқтату режиміне қайта оралуға шақырады.

ТЕЛЬ-АВИВТЕГІ ҚАҚТЫҒЫС. ИЗРАИЛЬ

Тель-Авивте полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Тәртіп сақшылары ірі көлік дәлізін жауып тастаған халықты күшпен таратуға мәжбүр болған. Жол ортасына отырып алғандар – ультра-ортодоксалды еврей қауымының өкілдерін Израиль әскеріне шақыруға қарсы топ. Оларды қуып тарату үшін тіпті атты полиция жасағы жұмылдырылып, тәртіп сақшылары кейбір ереуілшілерді жолдан сүйреп әкетті. Жалпы, Израиль заңы бойынша әскери қызмет міндетті саналғанымен, бұл қауымдастық өкілдері әскерден босатылған. Қазір Премьер-министр Беньямин Нетаньяху үкіметіндегі ультра-ортодоксалды депутаттар бұл жеңілдікті толық заңдастыруды талап етуде. Алайда, коалицияның өзге мүшелері мен оппозиция әскери борышты барлығы тең дәрежеде өтеуі тиіс деп есептейді.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ДАУ. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Сеулде ондаған мың адам көшеге шығып, жергілікті сайлауды қайта өткізуді талап етті. Наразылыққа 90-нан астам учаскеде бюллетень жетіспеуі себеп болған. Шерушілердің дені – саясатқа бұрын-соңды араласпаған 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар.

ГУ ЁН ГВАН, СЕУЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы уақытқа дейін шеруге қатысып көрмеппін. Күнделікті нан табудың қамымен жүрдік. Бірақ бұл жолы көшеге шығуға мәжбүр болдым. Өйткені негізгі құқығымыз бұзылып жатыр деп есептеймін.

Сайлау күні ереуілшілер мен полиция қақтығысып, арты ірі саяси толқуға ұласты. Наразылықтың күшейгені сонша, Ұлттық сайлау комиссиясының басшысы қызметінен кетуге мәжбүр болды.

РО ТЭ АК, ҰЛТТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қалыптасқан жағдайға байланысты толық жауапкершілікті өз мойныма ала отырып, қызметімнен кетемін. Халықтың алдында басымды иіп, келеңсіздіктер үшін шын жүректен кешірім сұраймын.

Алайда, шенеуніктің отставкасы халықты сабасына түсіре алмады. Ел президенті Ли Чжэ Мён сайлау заңбұзушылықтары бойынша жан-жақты тергеу жүргізуге уәде берді. Сарапшылар бұл дау билікке де, оппозицияға да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. Ал құқығын талап еткен кореялықтар әзірге алаңнан тарқамаған ниетті емес.

МЫҢДАҒАН АДАМ ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ. АЛБАНИЯ

Албания астанасы Тиранада мыңдаған адам шеруге шығып, Премьер-министр Эди Раманың отставкасын талап етті. Наразылыққа АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің элиталық курорт салу жоспары түрткі болған. Құны 5 миллиард еуроға бағаланған кешен қоқиқаздар мен теңіз тасбақалары мекендейтін қорық аймағында бой көтермек. Шетелдік инвесторлармен жасалған бұл келісімнің ашық өтпегеніне ашынған халық Үкімет ғимаратының алдында «Албания сатылмайды» деп ұрандатты.

САРА БРЕГАСИ, ТҰРҒЫН:

Билік те, оппозиция да жемқорлыққа белшеден батқан, бәрі өзара сыбайлас. Бұл ешқандай саяси партияның қатысуынсыз өтіп жатқан алғашқы ауқымды шеру. Сондықтан осы қадамымыз арқылы діттеген мақсатымызға жетеміз деген үміттеміз.

Айта кетейік, Эди Рама үкіметті 2013 жылдан бері басқарып келеді. Халық оны елдегі жемқорлықпен күресе алмады және денсаулық сақтау сынды негізгі салаларды ақсатты деп айыптап отыр. Бұған дейін даулы курорт салынатын аумақта құрылысшылар қоршау тұрғызған кезде де жұрт жаппай қарсылық көрсетіп, алдыртып тастаған еді.

← Барлық жаңалықтар