Балтырды суға батырып Балиде, миды тынықтыру үшін Мальдив жағалап жүргендер өзімізде де табиғаты тұмса демалыс орындары бар екенін білмейді. Мәселен, Алматы облысындағы Райымбек ауданының өз Мальдиві бар. Тау бөктеріндегі суы мөлдір сұлу айдынды жергілікті жұрт осылай атайды. Көз тіксең, түбіндегі тасы көрінетін көлдің тұнықтығы таңғаларлық. Мұндай локациялар аймақта жетерлік. Бірақ апаратын жолы, жататын жері қалай? Туристерді төрге шығаратын орындардың жайы жанға жағымды, шығыны миға қонымды ма? Арна тілшісі Алматы облысында бұрын көп адам аяғы баспаған жаңа бағыттардың туристік әлеуетін бағамдап келді.
Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қақпақ ауылы – тұмса табиғатымен талайды тамсандыратын мекен. Жергілікті тұрғындар қазірден бастап саяхатшыларды күтуге қамданып жатыр. Олар туристерді ұлттық салт-дәстүрмен, құрт-май және қымызбен баурап алмақ.
БАЯН ҮМБЕТБАЕВА, КӘСІПКЕР:
Қонақтардың талғамы әртүрлі. Қазақстандықтарды ән-шашумен қарсы алсақ, шетелдіктерге ұлттық нақыштағы басқа да үлгілерімізді көрсетеміз. Арнайы аттар, сауын биелер бар, соның барлығын туристер үшін пайдаланамыз.
Өңірде танымал туристік нысандардан бөлек, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Соның бірі – теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктіктегі Ақкөл. Суының мөлдірлігі сонша, түбіндегі тасын санауға болады. Жұрт бұл көлді «Қазақстанның Мальдиві» деп атап кеткен. Маңайында Ақкөл сарқырамасы, Қаракөл және Жасылкөл бар. Одан бөлек, еліміздегі ең биік шың – Хантәңірін көру, бөктерінде саф ауамен тыныстау көптің арманы.
НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТСМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Райымбек ауданы – перспективалы бағыттардың бірі. Қазіргі басталған жобалар аяқталған соң, жаңа бағыттарды дамыту жоспарда бар. Әзірге әкімдік кәсіпкерлермен бірлесіп, ат туризмін дамытуды қолға алып отыр.
ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:
Алматы облысының мұз құрсанған асқар шыңдары мен құлама құздары, сыңғырлай аққан бұлақтары кез келген адамды еріксіз баурайды. Осынша сұлулыққа сырттай тамсанғанша, бір рет келіп көргенге не жетсін?!
Біз бұл кереметке апарар тақтайдай тегіс жол салынса дейміз. Алайда, тау-тасты арнайы іздеп келетін шетелдіктердің талғамы мүлде бөлек екен.
ЖОМАРТ СМАҒҰЛ, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Еуропалықтар адам аяғы баспаған, жолы нашар жабайы табиғатты ұнатады. Өйткені өздерінде инфрақұрылым толық дамып кеткендіктен, олар нағыз тыныштықты қалайды. Ешкім бармаған, аяқ жетпеген көлдерді көруге құмар.
Десе де, бұқаралық туризмді дамыту үшін инфрақұрылым өте маңызды. Мәселен, Жетісудың жауһары саналатын Көлсайда үш көл бар. Алайда жолдың жоқтығынан саяхатшылар тек біріншісін ғана көре алады. Енді бұл мәселе шешілмек. Биыл төменгі және ортаңғы көлді жалғайтын жоба қолға алынды.
НҰРЫМ НОЯНБАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл Кеген ауданындағы алғашқы заманауи аспалы жол. Екінші Көлсайға көлік жолын салмаймыз. Табиғатқа зиян тигізбес үшін құрылыс кезінде лебедкаларды пайдаланамыз. Қазір жер мәселесі шешіліп, геологиялық зерттеу жұмыстарын бастап кеттік.
Ал су астындағы шірімеген ағаш діңдерімен танымал Қайыңды көліне жету қиямет-қайым. Маңайға тек жол талғамайтын көлік қана қатынайды. Жеткізу қызметі ақсап тұр.
Жалпы, туристік әлеуеті зор Райымбек ауданына жетудің өзі мұң. Кеген мен Нарынқол арасындағы тасжолдың жөндеу көрмегеніне 30 жыл болған. «ҚазАвтоЖол» бұл аумақты биыл қара күзде толық бітіруге уәде беріп отыр.
ҚАНАТ ӘБІЛҚАЙЫРОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
74 шақырым жолдың 53 шақырымының негізі қаланды. 52 шақырымға асфальттың төменгі қабаты төселді. Бұл жалпы жұмыстың 70 пайызы. Құрылысқа 2 асфальт зауыты мен 3 тас ұнтақтайтын зауыт жұмылдырылған.
Демалыс орындарына жаздың ашық күні зорға жететін туристер, жаңбыр жауса, жолда қалады. Кәсіпкерлер әкімдіктен ең болмаса тас төселген қара жол сұрап отыр. Өңір басшылығы бұл мәселенің көп ұзамай шешілетінін жеткізді.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Биыл Нарынқолдың өзінде 6 жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын жасап жатырмыз. Оған қаражат бөлінді. Сараптамадан өткен соң, келесі жылы құрылысын бастауға мүмкіндік туады. Жол болмаса, таулы аймақта туризмді дамыту өте қиын.
Жол салынған күннің өзінде сервис деңгейін көтеруге маман тапшы. Қаржысы бар кез келген кәсіпкер демалыс орнын сала алады. Бірақ ауылдық жерлерде қарапайым жұмыс қолын табу қиын.
ЖОМАРТ СМАҒҰЛ, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ауданда 25 мың халық бар десек, соның 5 мыңы зейнеткер, 5 мыңы бюджеттік қызметкер, қалғаны оқушы мен студенттер. Қазіргі негізгі жұмыс күшіміз – студенттер. Олардың оқуы мен емтихандарының бітуін күтіп отырамыз.
Бұл мәселені Туризм министрлігі де назарға алған. Жыл санап қарқыны артып келе жатқан салаға білікті кадрлар ауадай қажет.
НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТСМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
40-тан астам жоғары оқу орнында туризм мамандары даярлануда. Одан бөлек, Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 3 мыңға жуық студент оқиды. Бұл университеттің ерекшелігі – триместрлік жүйемен білім береді.
Жалпы, ішкі туризмнің осы іспетті өзекті мәселелері жақында Үкіметте қаралды. Салаға тартылған инвестиция көлемі биыл 33 пайызға өсіп, 1,3 триллион теңгеге жеткен. Өзге де мәселелер рет-ретімен шешіліп жатқан көрінеді.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Визит-орталық ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Енді туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсоводтар мен нұсқаушылардың жұмыс қағидалары бекітілетін болады.
Десе де, Премьер-министр өңірлердегі туристік аймақтардың дамуына көңілі толмайтынын ашық айтты. Инвестор тарту ісі сылбыр. Үкімет басшысы жауаптыларға жаңа ұсыныстар әзірлеуге 30 күн уақыт берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бізде Шарын, Көлсай, Алтын-Емел, Бурабай, Баянауыл сияқты табиғи байлықтарымыз бар. Алайда, оларды дамыту мен инвестор тарту қарқыны көңіл көншітпейді. Жаңа заманға сай жобалар қажет. Министрліктер мен әкімдіктер бір айда нақты ұсыныстар енгізсін.
Өткен жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 4 миллионға жуық саяхатшы келген. Танымал орындар қазірдің өзінде туристерге лық толы. Олардың қатарын көбейтіп, қызмет сапасын жақсартудың бірден-бір жолы – жаңа туристік бағыттар ашып, инфрақұрылымды реттеу. Үкімет басшысының қатаң тапсырмасынан кейін ішкі туризмнің бойына қан жүгіре ме? Бұл енді уақыттың еншісіндегі шаруа.